«Мауглидің» жаңа хикаясы

Сообщить о проблеме с эфиром

Лондонда «Маугли» картинасының премьерасы өтті. Енді, ну орманда жабайы аңдармен бірге өскен балақайдың оқиғасы – үлкен экранға қайта оралмақ! Тұсаукесерге қатысқан киногерлер, әйгілі хикаяны бұрынғыдан да қызықтырақ етіп таспалуға тырыстық дейді.

Су жаңа лентаның сюжетінде бірнеше буынның балалық шағының сүйікті кейіпкері – Мауглидің бастан өткергені баяндалады. Қайта таспаланған картинада, ну орманда жабайы аңдармен қатар өскен балақайдың хикаясы жаңартылып, заманауи эффектілермен толықтырыла түскен.

Жабайы табиғаттың ортасында жападан-жалғыз, қорғансыз қалған кішкентай балайқайдың образын сомдау – Роханд Чандқа тапсырылған еді.

Роханд Чанд, актер:

-Мен үшін түсірілім өте қиын болды. Себебі, төрт аяқтап жүру оңай емес. Ютуб желісінен, сондай-ақ Нью-Йоркқа арнайы барып, қасқырлар қалай қозғалатынын ұзақ зерттедім. Осының барлығын Мауглиде көрсете білу өте маңызды.

Ал, режиссерлық тізгінді майталман актер, әрі режиссер – Энди Серкис өз қолына алған болатын. Киногер сондай-ақ, аталмыш туындыда Мауглидің қамқоршысы Балуды дыбыстаған.

Энди Серкис, режиссер:

-Фильмнің қорқынышты тұстары да бар. Алайда, балалардың кино арқылы үрейленуі, қауіпті емес деп санаймын. Одан бөлек, лентада Мауглидің саяхаттары көптеп суреттеледі.

Сондай-ақ, фильмнің өскелең ұрпаққа берері мол екеніне авторлары сенімді. Сол себептен де, шытырманға толы лентаны қайта таспаладық дейді олар.

Роханд Ченд, актер:

-Жастар әлеуметтік желінің кесірінен қоғамның қысымын көріп, қалыптасқан талаптарға сай келгісі келеді. Мауглидің оқиғасы оларға үлгі болады. Себебі, Маугли ештеңеге қарамастан ерекше болу – маңызды екенін көрсете білді.

«Маугли: Джунгли кітабы» лентасы болса, 7-желтоқсаннан бастап үлкен экрандарға жол тартпақ.