«Orda» тобы 20 жылдық мерейтойына орай қандай тосынсый әзірлеуде?

Сообщить о проблеме с эфиром

2000 жылдардың басында құралған «Орда» тобы отандық шоу-бизнеске біраз жаңашылдық алып келгені сөзсіз. Қазақ аудиториясын музыкасымен ғана емес, сахналық образымен де таңқалдырған дәл осы ұжым еді.

Дегенмен, 20 жылдан астам сахнада жүрген бойзбенд өнер көрсетуді сиреткені қашан. Жеке шығармашылықтарымен бөлек, жігіттер мерейтой қарсаңында бас қоспақ ниетте.

Ерболат Беделхан, «ORDA» тобының әншісі, продюсер:

- Негізі 2020 жылы бізге 20 жыл болған «ORDA»-ға. Соған бір дүние істейміз деп ойлағанбыз. Бірақ енді пандемияның кесірінен істей алмай қалдық. Осы жылы енді бітетін болса, бірдеңке жасауға тырысамыз.

Тыңдарманын сағындырған «Ордалықтар» карантин шектеулері жеңілдетілсе, ауқымды концертті өткізу үшін барын салмақ. Ұжым мүшесі Дастан Оразбековтың айтуынша, бұл топтың көпткен күткен арманы.

Дастан Оразбеков, «ORDA» тобының әншісі:

- Енді бір белгісіз уақытқа шектеліп тұр. Бірақ дегенмен де менің ойымша биыл «ORDA» тобы өзінің жеке шығармашылық кешін береді деп ойлаймын.

Мерейтойлық кештен бөлек, тыңдармандар «Орда» тобының су жаңа әндерін тыңдай алмақ. Соңғы рет 6 жыл бұрын тректерін ұсынған өнер өкілдері камбэктің кезі келді дейді.

Дастан Оразбеков, «ORDA» тобының әншісі:

- Біз жаңа ән жаздық. Енді жақын арада өзіміз соған бейнебаян түсіруге ниеттеніп отырмыз. Енді бұрында егер «ORDA» тобына белсенді бір жұмыс жасалатын болса, бүгінде енді әрқайсысымыз өз жұмысымызбен.

«Орда» тобының ескі хиттерінен бөлек, ұжымның өзі жас музыканттар арасында әлі күнге дейін сұраныста екен. Дастан Оразбеков нью-скул әншілер «дуэт құрайық» деп жиі ұсыныс тастайтынын айтады.

Дастан Оразбеков, «ORDA» тобының әншісі:

- Түседі, жалпы менің жеке басым өзіме де түседі коллаборация жасайық деген. Бірақ қазір біз басқа нәрселерді ойластырып жүрмыз. Бірақ енді міндетті түрде ол біз сондай қатты кәртиіп кеткен жоқпыз ғой дегенмен де. Жасымыз бар жоғы 40 келді.

Енді «Орда» тобының тың туындылары мен ән кешін асыға күтетін боламыз.