Body swap comedy. Фильмнің желісі бойынша екі адамның жаны, санасы, денесі ауысып кететін жанр киноиндустрияда дәл осылай аталады. Шетелдік киногерлер мұндай туындының талайын таспалаған. Отандық продюсерлер үшін де бұл таңсық бағыт емес. Мәселен, Гүлнұр Мамасарипова күні кеше осы жанрда түсірілген «Ол сен емес» фильмінің тұсауын кесті.
Лента жарыққа шыққаннан соң толықметр көшірме ме, ремейк пе деген сауалдар бары жасырын емес. Гүл әпшенің өзі көптің көкейіндегі сұраққа былай деп жауап берді.
Гүлнұр Мамасарипова продюсер:
– Жоқ, жанр ғой. Жанр ешқандай фильмнің ремейкі емес. Бұл өзіміздің оригиналды сценарийміз. Өзіміздің кейіпкерлеріміз. Бүгін көргенде өздерініз түсінесіздер ғой. Ешқандай фильмнен көшірген жоқпыз.
Ақерке Арыс пен Нұрсұлтан Үсенов фильмде ерлі-зайыптылардың рөлін сомдайды. Кикілжіңнің салдарынан бір-бірін түсінуден қалған екеу кенеттен күтпеген жағдайға тап болады. Олардың жаны ауысып, енді бір-бірінің денесінде өмір сүруге мәжбүр.
Ақерке Арыс, актриса:
– Кейіпкерім жалпы ер азаматты қалай бар солай қабылдау керек. Және де былай айтқанда өзімнің түсінуіммен осы өмірде қазір өзіміздің шекарамыз бар. Бірақ көбінесе шүкіршілікті ұмытып кетеміз. Дәл осы кинода шүкіршілікті әйел адам барынша түсінеді деп ойлаймын.
Ақеркеге бұл фильмнің түсірілімі оңайға соқпаған. Айы-күні жақындаған актрисаға кей сахналарды ойнау қиын болған көрінеді.
Ақерке Арыс, актриса:
– Иә, мен екіқабат. 7 ай болған кезде біршама мынадай қиындық болды түсірілім алаңында. Жүгіру керек болды. Бір сахнада әжептәуір жүгіремін деп, сол күні соңғы түсірілім еді. Ертеңіне қайту керекпіз. Бірақ ертеңіне мен дәрігепрдің бақылауына алынап, Астанада үйде сақтандыруда жаттым. Қалай былай?
Әдетте продюсерлер кастты танымалдармен толтыруға әуес. Атақтылардың гонорары беделіне сай болатыны айтпаса да түсінікті. Мамасарипова таңдаған актерлер де осал емес. Дегенмен А1 санатынан дей алмаймыз. Ал қаламақылары қандай?
Гүлнұр Мамасарипова продюсер:
– Касттың гонорары бұл жерде арзан емес. Орташадан да жоғары. Қазір жалпы касттың гонорары төмен деген әңгіме жоқ. Жалпы, өткенде бір актерлардың үзіндісі жүр екен. Продюсерлар барлық шығындардан соң, актерларды ең соңынан есептейді. Және де ең аз бюджет біздікі деген сияқты. Жоқ, өтірік айтпасын мен продюсер ретінде айта аламын ең үлкен гонорар кастингте ғой. Бүткіл шығынның ең үлкен пайызы техникада емес, топта емес, актерлық құрамда.
Фильм қазақы қалжындарға толы. бір-бірін түсінуден қалған жұбайлардың оқиғасын баяндайтын толықметр біраз ерлі-зайыптыларды ойландырады дейді шығармашылық ұжым. Ендеше кинотеатрға асығыңыз.