Дүбірлі додаларда топ жарған, халықтың сүйіктісі Капкарашка, соңғы уақытта өзін басқа қырынан танытуда. Айта кетейік, Нұржан Керменбаев 2023 жылы әлеуметтік желіні бір-ақ жазбасымен отқа орап, тіпті әзілкеш Нұржан деген атқа да ие болды. Десе де, ел арасында «Нұржанның өнерінен гөрі, желідегі образы озып барады» деген екіұдай пікір айтылды.
Нұржан Керменбаев, әнші:
– Тредсте жаңа платформа ғой, сондықтан әр платформаның бір кезеңі, тренді болады деп ойлаймын. Ол жақта бір белсенді деп көріп жатсаңыздар сөйтіп танылып жатсақ әрине қуаныштымыз. Біздікі барынша қолдан келгенше самаирония ғой сол.
Кезінде «SuperStar»-да бағы жанған әншінің шығармашылықтағы үнсіздігін, жанкүйерлері өнерден кету деп болжаған еді. Алайда, Нұржан мырза шляпасын кепкаға, әндерін әзілге айырбастағандай көрінгенімен, студиядағы жұмысын еш тоқтатпаған. Тіпті, араға 5 жыл салып, үлкен концерт беру жоспары бар екен.
Нұржан Керменбаев, әнші:
– Бір емес, бірнеше ән мамыр айына да қазір дайындап қойдық. Дайындап жатырмыз әлі де дайындық үстіндеміз. Жасап жатырмыз, қолымыздан келгенше шабытымыз таусылмасын деп тілейміз ең бастысы. Күні түні студиядамыз деп айтсақ та болады негізі
Әдетте «Аузымен орақ орғанды» ұнатпайтын Нұржан мырза, бұл жолы да «Асықпай жүріп, анық басуды» жөн санайтын көрінеді.
Нұржан Керменбаев,әнші:
– Нақты күнін әлі шеше алмай жатырмыз. Бәлкім содан кейін, ресми хабарлама жасаймыз!
Автор: А. Сауытбек