Самал Еслямова мен Әділхан Ержанов Азиялық «Оскарға» ұсынылды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмімен «Asia Pacific Screen awards» сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясына үміткер атанды! Еске салсақ, бұл сайыс кино саласындағы ең ірі әлемдік марапат болғандықтан, оның азиялық "Оскар" деген бейресми атауы бар.

Ал, «Қап-қара адам» картинасының тұсауы 67-ші San Sebastian International Film Festival-де кесілген еді. Қоғамдағы өзекті мәселені сөз еткен нуар жанрындағы драмада Данияр Алшынов пен Динара Бақтыбаева басты рөлде.

Динара Бақтыбаева, актриса:

- Байқағандарыңыздай фильм күздің суық күндерінде түсірілді. Одан қалса қар жауып, ауа райының суықтығынан қиналғанымыз бар. Алайда, мен үшін қиыны – адамның мәйтінің макетіне қарау болды. Шынымды айтсам, қатты қорықтым.

Әйгілі марапаттың нәтижесі қарашаның 21-і күні белгілі болмақ. Салтанатты рәсім Аустралияның Брисбэн қаласында өтпек. Сондай-ақ, бұл кеште тағы бір отандасымыз – Самал Еслямованың да есімін естіп қалуымыз әбден мүмкін. Самал «Конокрады. Дороги времени» картинасындағы шеберлігі үшін, «Үздік актриса» аталымы бойынша азияның «Оскарынан» үмітті.