Қайрат Нұртас да өз есімін бренд ретінде қалыптастыруға құлықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Хитмен «KN» компаниясы атынан караоке ашып, киім үлгілерін ұсынып, кино да түсірген еді. Алайда, өнерпаз бұл қалтаны қалайда қалыңдатып қалудың амалы деуге қарсы.

Қайрат Нұртас, әнші:

-Жоқ! Енді менің қаржы жағына ешқандай қатысым жоқ! Оның барлығын анам өздері жасап жатады. Сондықтан қай жақтан қаржы түседі, неден қаржы түсетінін мен білмеймін!

Десе де, Қайраттың бұл бастамаларын әншілігі сынды аса сұраныста деп айта алмаймыз. Нұртастың ізімен өзінің командасын «ТТТ» деп атап, есімін брендке айналдыруға құлшынғандар қатарында Төреғали Төреәлі де бар. Өнерпаз кино түсіріп, «Төреш» шәйі мен әтірін де ұсынған болатын.

Айтпақшы, аты әлемге танылған Димаш Құдайбергенов те өз атынан иіссу мен шәй шығарып, су жаңа «Димаш» маркасын дүниеге әкелгенді. Әншінің ата-анасы бизнестің бұл түрін өнердің саласы деп санайды.

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

-Парфюм де шығармашылық бағыттың бір тармағы. Ол да үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді.

Ал, Айдана Меденова болса, өз есімі ғана емес, келісті келбетін де ұтымды пайдалануға ниетті. Сұлулық салонын ашқан сылқым, бүгінде табысты арулардың бірі.

Әлішер Нұржанов – А. Меденованың жұбайы

-Жасыраты жоқ бізде отбасылық бизнес бар. Ал, одан түскен қаржыны жанұямыздың жұмысына жаратамыз. Айдананың шығармашылығы да сол бюджеттің ішінде.

Алайда, отандық өнерпаздарға есімін бренд ретінде қалыптастырып, атағының арқасында табысқа кенелуді Тиматиден үйренгені жөн болар. Жеке лейбл, мейрамхана, киім дүкені, барбершоп, сұлулық салоны... Қысқасы, ресейлік әншінің табысты бизнестері жетіп артылады.