Туған күніңмен Батыр! Дарынды музыкант көзі тірі болғанда биыл 58 жасқа толар еді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Туған күніңмен Батыр! Дәл бүгін, дарынды музыкант Батырхан Шүкенов көзі тірі болғанда 58 жасқа толар еді. «Карантин тұсау болмағанда ұлымның еске алу кешін ойдағыдай өткізер едік», - дейді әншінің анасы. Бұл күні өнер өкілдері де Батырды жақсылығын айтып, ыстық естеліктерімен бөлісуде.

Талай хиттың авторы, қазақ музыкасының Батырының өмірден озғанына биыл 5 жыл. Өнер әлеміне өшпес мұра қалдырған композитордың әндері әлі күнге дейін ел есінде, оның шығармашылығына деген құрметтің құны төмендемек емес.

«Батырхан ағамыз өзінің төл мерекесін қарапайым атап өтуді жақсы көретін», - дейді Әли Оқапов. Әнші көзі тірісінде Шүкеновтың әр туған күнінен табылғанын айтады.

Әли Оқапов, әнші:

- Ол міндетті түрде сол музыкант достарын әріптестерін барлығын жинастырып, кішігірім стейшн және де өте еркін. Яғни ешқандайда бір ресми түрде үлкен бір той емес бас қосу ретінде тойлайтын. Сондықтан қазірдің өзінде де солай тойлар еді деп ойламыз.

Еске салсақ, жуырда ғана өнер өкілдері бірігіп Батырға арналған онлайн форматтағы еске алу кешін өткізген еді. Марқұм музыканттың анасы Диляра Шүкенова: «карантин болмаса, ұлымның рухына арнап ауқымды концерт өткізер едік», - деп отыр.

Диляра Шүкенова, Батырхан Шүкеновтың анасы:

- Енді көптеген жұмыстар істейміз ғой деп, алдымызға сондай мақсат қойып отыр едік, бірақ мынандай коронавирус инфекциясының арқасында біз енді ол шаралардың бәрін артқа қалдырдық. Істейтін жоспарларымыздың барлығын жалғастырамыз деп отырмыз.

Батырханды бұл күні өнердегі әріптестері мен достары тебіреніспен еске алады. «A`Studio» тобында Шүкеновпен бірге өнер көрсеткен Байғали Серкебаев композиторға деген сағынышын білдірді.

Байғали Серкебаев, «A’Studio» тобының мүшесі:

- Көп нәрсені бірге басымыздан өткердік. Әлі күнге дейін ескі видеоларды көріп таңқаламын. Қандай жас едік, ән салып билеп жүрген кездерімізді сағынамын. Ең өкініштісі осы күнге дейін бірге жетпегеніміз. Батыр менің мәңгі жүрегімде.

Владимир Пресняков, әнші: (Ресей)

- Кезінде мен Алла Пугачеваның театрында жүргенімде, маған Батырдың «Джулия» әнін қойып берді. Менің сол кезде таңқалғаным есімде, дәл осындай талантты бірінші рет көрген шығармын дедім.

Батырханның өзі өмірден өтсе де, Шүкенов атындағы қор композитордың шығармашылығын насихаттап келеді. Еске салсақ, музыканттың туған ағасы Бауыржан бастаған «Шүкенов атындағы конкурс» мамыр айының 18-іне

жоспарланған еді. Енді аталмыш шара белгісіз мерзімге шегеріліп отыр.

Батырдың музыкасын сағынған жандарға дәл бүгін 19-10-да «Хабар» арнасы музыкалық флешмоб ұйымдастырмақ. Онда тыңдарман Шүкеновтің «Отан ана», «Джулия» және «Қайран көңiл-ай» сынды репертурарындағы хит әндерін тікелей эфирде шырқай алады.