Мұқағали Мақатаев туралы тұңғыш толықметр жарыққа шықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лентада ақынның егде жаста көрген қиындықтары мен жазушылар Одағындағы тартысты тағдыры баяндалмақ. Режиссер Болат Қалымбетов аталмыш туындыны 15 жылдан бері армандаған көрінеді. Түсірілім жұмыстарына тек 2019-да кірісіп, былтыр аяқтаған.

Болат Қалымбетов, режиссер:

– Бұл фильмге келудің өзі қиын болды. Жазғанда, біздің алдымызға қойған мақсат: неге Мұқағали аға 45 жасында қайтыс болды. Не себеп? Кім оған кінәлі? Сол кездегі заман ба? Деген сұрақтарға жан-жақты іздеуге тырыстық.

Лентада осы сауалдардың бәріне жауап бар. Басты рөлдерді: Азиза Рысбаева, Бақытжан Қажымұқанов, Раушан Мажитова сомдайды.

Ал Мұқағалиды ойнаған Асланбек Жанбалаев түсірілім барысында Мақатаев жайлы көп оқығанын, образды алып шығуда қиындықтардың болғанын жасырмайды. Әсіресе Майгүлдің өлімі Асланбекке ауыр болған. Себебі, өзі екі қыз, бір ұлдың әкесі екен.

Асланбек Жанбалаев, актер:

– Мұқағали ағамыздың жалпы өмірі, тағдыры өте ауыр ғой. Ол кісінің ішкі дүниесін жеткізу ауырға соқты. Қиын болды. Дегенмен де режиссер Болат ағамызбен жұмыс жасап, сол кісі көбіне менімен жұмыс жасап отырды.

Ал ақынның жарын сомдау Толғанай Бейсембаеваға бұйырған. Режиссердің айтуынша, актрисаға Лашынды ойнау психологиялық дайындықты қажет еткен. Сомдайтын сахналарының сөзін 1 апта бұрын беріп отырған.

Болат Қалымбетов, режиссер:

– Лашын апайдың да бейнесін жасағанда көп іздендік. Мына Толғанай деген аты енді шығып келе жатқан, жақсы актриса. Кәсіби. Өзінің мына бет-әлпеті де келіп тұр ғой.