Берік Айтжанов, Асан Мәжит, Жандос Айбасов есірткіге қарсы күрес бастады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Сериалдың жанры – криминалды драма. Оқиға желісі – Манас, Мирас есімді ағайындының тағдырынан басталады. Телехикая авторы, продюсері әрі режиссері – Рүстем Омаров. Рүстем: «Бұл жобаға дайындық кезінде талай оңалту орталықтарын араладық. Есірткіге тәуелді, емделіп жатқан адамдармен әңгімелестік, зерттедік. Оңай болмады»,-дейді.

Рүстем Омаров, идея авторы, режиссер:

- Ешқандай романтика болмайды. Жанұялық құндылықтарды көрсетеміз. Достар арасындағы жанжал, қыз бен жігіттің кикілжіңі дегендей. Ұрыстың бәрі сол есірткіден шығады.

Оқиға шынайы өмірден алынған. Ағайындының кенжесі нашақорлықтың құрығына ілігіп қалады. Одан бөлек: бірінің әкесі, сүйіктісі есірткінің кесірінен бақилық болады.

Рүстем Омаров, идея авторы, режиссер:

- Бұл оқиға расымен Батыста, Маңғыстау облысында болған. Үш күзетші, спортшылар туралы. Олар есірткіні атымен жек көрген. Себебі соның кесірінен бірінің әкесі, енді бірінің сүйіктісі қайтыс болған. Сондықтан үшеуі «Закладчиктерді» тауып, жазаларын беріп, интернетке жүктеген. Расымен сол кездері қылмыс азайған.

Үш достың бірін сомдайтын – Жандос Айбасов. Нашақорлыққа қарсы күресіп жүрген жолдасы да, осы жолға түсіп кетеді. «Кейіпкерімнің өмірі ауыр. Көп дүние айқын көрсетіледі»,-дейді актер.

Жандос Айбасов, актер:

– Менің кейіпкерімнің аты – Азамат. Негізі Азамат, Манас, Дима үш дос. Үшеуі де енді простой жігіттер. Ойлары түзу. Дегенмен нашақорлыққа қарсы шығу үшін, неше түрлі тәуекелдерге барады және закладка салып жүрген жігіттерді ұстап, өздері самосуд жасайды.

«Meow» картинасында есірткінің қай каналдар арқылы қалаға келетіні, түнгі клубтар мен жасөспірімдер жиналған орталарға қалай тарайтыны айқын көрсетіледі.

Асан Мәжитке сериал туралы ұсыныс досы, әріптесі – Рүстем Омаровтан түскен. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан актер бірден келісім берген. «Образ ұнады. Әрі бұл Рүстемнің режиссерлік дебюті болғандықтан тысқары қала алмадым»,-дейді Асан.

Асан Мәжит, актер:

– Енді бұл кейіпкер нашақорлық дейміз ғой. Содан опық жеген кейіпкер. Әкесі нашақорлықтан қайтыс болады. Анасы аурушаң. Жағдайлары аса мәз емес. Нашақорлықпен күресіп жүрген кейіпкер ретінде оған үлкен соққы болатын.. ол туған інісінің закладчик болуы. Көп жасөспірімдерге, іні-қарындастарымызға сабақ болсын деген ойдамыз. Бір ой салса екен дейміз.

Сериал – есірткіні қолданудың қорқынышты салдарын көрсетеді. Телехикаяның басты мақсаты – нашаның нағыз зұлымдық екенін және соңы өлімге алып келетінін жұртқа жеткізу. «Мяу» 4 желтоқсаннан бастап, дүйсенбі мен жұма аралығында, сағат 19:30-да НТК арнасынан көрерменге жол тартпақ!