2025 жыл жаңалықтарға толы болды! Бір кездері киноиндустриядан баз кешкен Жаһан Отарғалиев биыл камбэк жасады. Бірден шетелдік туындыда бой көрсеткен актер жақында продюсерлік мансабын да қайта қолға алмақ.
Жахан Отарғалиев, актер:
– Ол өзімнің өмірімнің бір бөлігін алып түсіргім келіп тұр. Сол тақырыптың төңірегінде. Өте үлкен жоба болады. Нақты мен өзім ойнаған кезде қазір толығымен драма деп айта алмаймын. Қолымыздан келгенше, бірақ драма түсіргім келіп тұр енді. Бірақ, бәрібір күлдіртемін ғой. Мықты дүние болып шығады деген сенімдемін.
Жылдар бойы перзент иісін аңсаған Жахан өз өмірінен сыр шертетін фильм таспаламақ. Мақсатым өзім сияқты сәби сыңғырын асыға күткен азаматтарды демеу дейді. Айтпақшы, Асель Садвакасова да продюсерлік мансабын қолға алмақ. Киноиндустрияда алғашқылардың бірі болып фильм түсірген сылқым қазір нарықтағы өзгерістерді зерттеуде.
Асель Садвакасова, актриса, кинопродюсер:
– Мен бұл салада 7 жыл болмадым, бәрі өзгеріп кетіпті...Менде киноиндустриядан детокс болды. Мен продюсер ретінде ғана емес, көрермен ретінде де демалдым. Осы аралықта өте аз туындыларды көрдім. Бірақ қазір қайта қарап, нарықты зерттеудемін.
Ringo, Renzo, Ayumi сияқты топтарды елге танытқан Алуа Қонарова 5 жыл үзілістен соң шоу-бизге қайта оралатынын хабарлады. Камбэк жасаған продюсер герлз бенд құруға білек-сыбана кірісті.
Алуа Қонарова, продюсер:
– Қазір соло әншілер көп. Сондықтан бэнд құрғым келді. Жалпы қазір біздің сахнада арулар аз, сол олқылықты толтырғым келді. Қазір кастинг жақында лейбл құрамын жасақтаймыз. Күтіңіздер.
Іріктеу кезеңінен өткен қыздар продюсермен 7 жылға келісімшартқа отырады. Мұндағы талаптардың бірінде тұрмысқа шығуға болмайтыны көрсетілген екен.
Шоу-бизнесті шулатып, тыңдарман санасында төңкеріс жасаған 91 тобының құрылғанына биыл 10 жыл. 2 жыл жеке шығармашылықтарына көңіл бөлген мемберлер биыл бас қосып, камбэк жариялады. Жігіттерден үлкен кеш күтіп ек, шағын бейнебаянмен құтылды.
Көрерменді күтпеген коллабтар да таңғалдырды. Мәселен, эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллин рэп ханшайымы Say Mo-мен фит жазды.
Ал Sadraddin болса бала күнгі арманына қанат бітіріп, Музарттық ағаларымен дуэт орындады.
Sadraddin, музыкант:
– Музартты біз бала күнімізден тыңдап өскенбіз. Барлығымыз жақсы көреміз. Ағаларымызбен бірге керемет дуэт болды деп ойлаймын. Ұсыныс біздің тарапымыздан болды. Ол кісілер қабыл алып, осындай концертімізге келді.
Aya Funk пен SSS-тің коллабын айтпау мүмкін емес. Хэйттің астында қалғанымен екеуі де мойымайтын сыңайлы. Тректер легі де, муд видеолар саны да азаяр емес.