«Ринго», «Рензо», «Ayumi». Аталмыш топтарды халыққа кеңінен танытып, талай бозбалалар мен арулардың жұлдызын жаққан Алуа Қонарова камбэк жасады. 5 жыл шоу-биз әлемінен тыныққан продюсер қайта оралғанын хабарлап, кастинг жариялады.
Алуа Қонарова, продюсер:
– Қазір соло әншілер көп, сондықтан бэнд құрғым келді.
Жалпы қазір біздің сахнада арулар аз. Осы кемшілікті толықтырсам деймін...
Кастингке мыңнан астам өтінім келіп түскен екен. Продакшндағы мамандар үздік 150-ін таңдап оффлайн іріктеуге шақырған.
Алуа Қонарова, продюсер:
– Кастинг 3 кезеңнен тұрады. Бүгін іріктеу. Қазақстанның түкпір-түкіпірінен келген қыздардың ішінен үздіктерін таңдап аламыз. Осы сыннан сүрінбей өткен таланттарды 3 топқа бөлеміз. Олар вокал және хореограф мамандармен дайындалады.Содан соң әр қатысушыға тапсырма береміз. Берілген тапсырманы орындағандарына қарай өзіміз іздеген болашақ жұлдыздарды таңдаймыз!
Алуа Қонарова жобаны қаржыландыру үшін қарыз алғанын жасырмады. «Берешекті қайтару үшін, барымды саламын!» -дейді продюсер.
Алуа Қонарова, продюсер:
– Кез-келген команданы дамытуға алған қаражат қайтарылуы тиіс. Сондықтан біз үшін комерциялық тұрғыда сәтті жоба болуы маңызды.
Іріктеу кезеңінде Қонарова шәкірттерінің басым бөлігі бой көрсетті. Қолдау көрсете келгендер «болашақта топты дамыту үшін аянып қалмаймыз»,- дейді.
Ақназ Сағындықова, «Ayumi» тобының экс-солисі:
– Мен қыздарға вокал бойынша сабақ беремін әрі музыкалық продюсері болмақпын. Репертуарға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Қазір бірнеше демо нұсқаларды тыңдап, таңдап жатырмыз. Бірақ трек қыздар іріктелген соң таңдалады. Себебі біз солисттердің ерекшелігін ескеруміз керек.
Айтпақшы, кастингтегі қызықтарды ютубтан тамашалап, өз фаворитіңізді анықтай аласыз. Болашақ жұлдыздармен жақырынырақ танысуыңыз үшін батыр Байназаров тынбай еңбек етіп, арнайы лайф-жоба жасақтауда.
Батыр Байназаров, «Ринго» тобының экс-солисі:
– Осы метариалды сол жоба үшін жинап жатырмыз., жеткілікті болатындай етіп. Өйткені халыққа не қызық, әдемі үйретілген, дайын топ емес, керісінше топ қалай қалыптасты, қандай болды, қандай адамға айналды. Сол ішкі әлемі қызық қой...
Іріктеу кезеңінен өткен қыздар продюсермен 7 жылға келісімшартқа отырады. Мұндағы талаптардың бірінде тұрмысқа шығуға болмайтыны көрсетілген екен.
Алуа Қонарова, продюсер:
– Қазір бізде кастинг, жақында лейбл құрамын жасақтаймыз. Күтіңіздер!