Шеслана Құсаинова, тілші:
– Бүтін елдің мәдени тарихын көрсететін, қазақтың тұңғыш операсы «Абай» 1944 жылы сахналанған еді. Бүгінде Қазақ классикасының інжу-маржаны 80 жылдан астам уақыт бойы театрдың төлқұжатына айналды. Ал дәл қазір драма режиссері Фархад Молдағалидің қолтаңбасымен бұл туынды көрерменге жаңа нұсқада жол тартпақ!
Фархад Молдағали, театр режиссері:
– Үлкен мектептен өткен сияқты күйдемін. Өте қызықты болды. Қиын болды жұмыс. Драма театрының режиссерында бірден жаңағы осы жаққа шақыру мен үшін үлкен бір өзім үшін де вызов болды былайша айтқанда.
Фархад Молдағали көпшілікке «№37» және «Махаббат, қызық мол жылдар» спектакльдері арқылы кеңінен танылған. Өзіндік режиссерлік қолтаңбасы бар өнер иесін Абай атындағы ұлттық театрдың шығармашылық ұжымы арнайы шақырған. Бұл орайда Фархад мырзаның опера жанрындағы тәжірибесінің аздығы театр ұжымы үшін кедергі болмағаны аңғарылады.
Фархад Молдағали, театр режиссері:
- Мен өте қуаныштымын. Бұған дейін де оны Италиядан режиссер келіп қойған болатын. Ол тоқтаған. Сондықтан мені шақырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды.
– Сіз драма театрының актерлерімен жұмыс істедіңіз, енді міне опера театрының актерлерімен жұмыс істедіңіз. Айырмашылығы неде екен?
– Айырмашылығы өте көп. Мүлдем басқа кәдімгідей профессияда өмір сүргендей болдым. Мүлдем барлығы бөлек. Салыстыруға келмейді. Аралары өте алшақ былайша айтқанда.
Айта кетейік, спектакль Мұхтар Әуезовтің либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірлесіп жазған классикалық нұсқа негізінде сахналанды. Әдетте шығармаларды инсценировкалап, туындыны тың қырынан ұсынуға ұмтылатын режиссер бұл жолы «Абай» операсына айтарлықтай жаңашылдық енгізбеген. Себебі:
Фархад Молдағали, театр режиссері:
– Бұл енді Абай болғаннан кейін, бұл енді ұлттық құндылық болғаннан, бұл осы театрдың паспорты болғандықтан сондықтан үлкен эксперименттерге бардым деп айтпаймын.
«Абай — дана, Абай — дара қазақта!» Ол — қазақ руханиятының асқар шыңы, ұлт санасын оятқан шамшырақ тұлға. Ұлы ойшыл қара сөздері арқылы халықтың жүрегіне терең бойлап, ал өлеңдерімен қалың жұрттың жан дүниесін тербете білді.
Операны тамашалауға жиналған меймандардың ішінде қоюшы-режиссер Фархад Молдағалидің өнердегі әріптестері де табылды.
Әсет Иманғали, актер:
– Мен өзім шын мәнінде демалып, рахаттанып кетіп бара жатырмын. Бұл қойылым бұрынғы қойылымға қарағанда өзгеріс тапқан және художник пен режиссердің, актерлердің ойындары бәрі бір біріне үйлесіп тұр.
Ерлан Біләл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бүгін операда жаңа леп. Режиисерлық қолтаңба аңқып тұр. Өйткені жаңағы хордың, солистердің бір біріне тартыс таласы расында конфликт деген дүниелерді өзгеше режиссерлық қырынан шешкен.
Операның ерекшелігін жарыса суреттеген көрермен қатарынан мін тағушылар да табылды.
Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі, актер:
– Мен бұл спектакльден бас кейіпкер Абайды жоғалтып алдым. Неге екенін білмедім. Бұл сахналық шешімдегі кемшіліктер ме дедім.
Бір ғасырға жуық тарихы бар, мәңгі өлмес туынды «Абай» операсы әлі сан мың рет жаңа нұсқасы ұсынылар. Ал дәл қазір драма режиссер Фархад Молдағалидың қолтаңбасы бар қойылымды көру үшін, театрға асығыңыз.
Индира Құлмағамбетова, актриса:
– Ерекше бір шетелдік фильмдер сияқты. Гарри Поттерді көріп отырған сияқты әсер алып отырмын. Артындағы эффекттар бәрі өте әдемі. Қазіргі заманауи стильде қойылған.