Небәрі 1 ай бұрын «Аут» атты деректі фильмін жарыққа шығарған Қанат Бейсекеев, күні кеше жаңа туынысы «Редкие люди» картинасының тұсауын кесті. Лента өте сирек дертке шалдыққан жандардың тұрмыс-тіршілігі жайында.
– Жалпы осы тақырыпқа жақын болуыңызға не түрткі болды?
Қанат Бейсекеев, документалист, идея автор:
– Осы бүгінгі деректі киноны жақын болуым негізінде менің әкем 5 жыл бойы аутоиммунды бір сырқатпен ауырады. Ол сырқат әлем бойынша 100 мың адамға бір кездесетін ауру.
5 бейне, 5 тағдыр. Бұл картинада актер жоқ, әр кейіпкер өзінің тәжірибесімен бөліседі. Көрермен туынды арқылы ерекше адамдардың жан сырын тыңдап, олардың күнделікті өмірімен танысады.
Қанат Бейсекеев, документалист, идея автор:
– Өзі мен ерекше режиссермін, енді ерекше ата-анамын. Менің енді қазіргі миссиям ол өйткені өмірде болып жатқан бір оқиғаларымды, өз жүрегімнен шығып көрерменге көрсетуім. Өйткені сен көрерменді ешқалай алдай алмайсың.
Айта кетейік, Қанат Бейсекеев бұл фильмде тек жоба жетекшісі әрі идея авторы қызметінде. Туынды режиссері болу мәртебесі, Кананың шәкірті Мақсат Әбітаевқа бұйырған.
Мақсат Әбітаев, режиссер:
– Мобилограф болып жүргенмін ол кезде, қолымнан көп нәрсе келмейді, бірақ көзімде от бар. Ынта бар. Үйренгім келетінін айттым, сосын ол мені алды
– Көңіліңізден шықты ма жұмысы?
Қанат Бейсекеев, документалист, идея автор:
– Иә, шықты өйткені бірінші рет көрген кезде, сұрақтарға жауап тапқандай болдым.
Жас режиссерге дебюттік жұмысын таспалау оңайға соқпаған. Оған себеп: кейіпкерлермен коммуникация барысындағы, олардың ауыртпашылықтарын сезіну мен түсіну. Айта кетейік, жобаның түсірілімі 2025 жылдың сәуір айында бастау алып, қазанға дейін жалғасын тапқан.
Мақсат Әбітаев, режиссер:
– Сол үшін біз оларға күнде, апта сайын барып, сөйлесіп тұратынбыз. Алдын ала жазып, хал жағдайын біліп. Тек рұқсаттарымен түсірдік.
Көпшіліктің батылы жете бермейтін тақырыпты арқау еткен Кананың, бұл жобасына өзге елдерден ұсыныс та түсіп үлгерген.
Ал бұл шетелдік нарыққа шығады ма?
Қанат Бейсекеев, документалист, идея автор:
– Жапанияға шығуы мүмкін. Себебі, олардағы фестивальдерге жіберуіміз мүмкін. Сондай бір ойлар бар.
Өкінішке қарай, әдеттегі премьералардан қалмайтын жұлдыздар, әлеуметтік тақырыпта түсірілген деректі фильмнің тұсаукесерінде көрінбеді. Бірақ Қанат Бейсекеевтің жобасын қолдауға асықанқандар қатарынан, әріптесі Айнұр Ілиясованы байқап қалдық.
Айнұр Ілиясова, актриса, продюсер:
– Жалпы фильм көңіліңізден шықты ма?
– Әрине, көңілімнен шықты шыққанда қандай. Өйткені, біле білсеңіз бұл проблемаларды көрсету арқылы біздер бұндай адамдарды жақынырақ тани бастаймыз.
«Редкие люди» тек сирек дертке шалдыққан жандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін суреттейтін туынды емес. Бұл қайсар жандардың өмірге деген құштарлығы мен махаббатын, армандары мен мақсаттарын көркем түрде бейнелейтін картина.