Мұрат Есжан, режиссер:
– Толықметр туралы толығырақ айтып беріңізші?
– Бұл бизнес туралы, мотивациялық, тұлғалық даму, табандылық туралы фильм деп айтуға болады. Енді қамтылатын уақыты, 90-2000 жылдар.
Биографиялық фильмдер таспалауға әуес режиссер бұл жолы да танымал тұлғаның өмірінен мотивациялық туынды ұсынуды көздейді. Алайда, жоба авторлары мұнай магнаты туралы картинаның нақты кімге негізделгені жайлы ақпаратты фильм жарыққа шыққанға дейін құпия сақталатынын жеткізді. Ал басты кейіпкерді театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев сомдайды.
Қуандық Қыстықбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Мен осы шатаспасам 3-фильмім ғой деймін. Өмірде бар, осындай протатипті ойнау. Ол кісінің өмірбаянымен танысып шықтым. Кітаптарын берді режиссер. Оқып жатырмын. Мен ол кісіге ұқсайды екенмін. Жүріп өткен жолы – адалдық, тазалық. Елім үшін жұртым үшін, болашақ ұрпақ үшін деп. Ол кісінің темпоритмі бірден маған қона қалғандай болды. Өзім де сондаймын да, шаппа-шұп. Тіпті кездескім келіп кетті ол кісімен, мен әлі кездеспедім.
Сондай-ақ, басты рөлдердің бірі Әділ Ахметовке де бұйырған. Дегенмен Әділ сомдайтын кейіпкер бірнеше образдың жиынтығы екенін айтып өтті. Көптен бері толықметрлерде бой көрсетпеген өнер иесі кезекті образы үшін біраз дайындалған.
Әділ Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Ең бірінші образыңыздан бастағым келіп тұр аға. Сақал қайда, мұрт қайда?
– Сақал-мұрт бәрі образдың жолында құрбан болды. Біз енді актер болғандықтан да өмірде өз қалауымызбен жүре алмаймыз ғой. Образға байланысты өзгеріп отырамыз.
– Енді бұл жердегі кейіпкеріңізге тоқталайық. Қанша жасар жігітті сомдайсыз? Қандай рөлде ойнайсыз?
– Шамамен 35-40-тың арасындағы Бекзат атты жігіттің рөлін сомдаймын. Енді образыма келетін болсақ, өте сауатты, жауапкершілігі мол, әр ісіне сондай жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен қарайтын жігіт қой.
– Өзіңізге ұқсай ма?
– Толықтай ұқсайды деп айта алмаймын, кейбір ұқсастықтар бар.
Толықметрдің тағы бір ерекшелігі – актерлық кәсіби білімі жоқ талантарға да мүмкіндік берілген. Бас кейіпкер Қасымның көмекшісі рөліне ашық кастинг арқылы Жақсылық есімді азамат таңдалған.
Жақсылық Тоқтаухан, актер:
– Бұрын-соңды ешқандай кинода түспегенсіз, тәжірибе жоқ?
– Бұл менің өмірімде бірінші рет. Мен өзімнің негізі оқығаным құрылыс инженері. Фильмнің бас жағында құрылыс алаңынан мені алып келеді ғой. Мен жуынып шайынуға да, қағынып-сілкінуге де уақыт жоқ, осындай шаң-шаң, үсті-басым бастпақ-бастпақ күйінде қазір сол Қасым ағаның қабылдауына кірейін деп отырмын.
«Қара алтын» картинасының желісі бойынша, тәуелсіздік алған жылдары Қасым есімді азамат елді дамыту үшін бар күшін салады. Ол мұнай зауытынан бастап құрылыс компаниясына дейін тұрғызады. Жоқтан бар жасаған кейіпкердің өмірі бүгінгі ұрпаққа жігер беріп, ұлтқа деген сүйіспеншілікті оятады деп сендіреді жоба авторлары.
Қуандық Қыстықбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Осы фильмді көру керек. Үлкен мотивация беретін фильм деп ойлаймын.
Әділ Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Месседжі – қырқына шыдап, қырық біріне де шыдау керек деген.
Мұрат Есжан, режиссер:
– Қарапайым кез келген адам өзіне бір күш-қуат алуы мүмкін. Жаңа айтқандай бәрі мүмкін екен ғой деген сияқты.
Сценарийі 9 ай бойы жазылған картина 2026 жылы үлкен экранға жол тартпақ. Ендеше, тарихтан сыр шертетін ерекше туындыны алғаш болып көруге асығыңыз көрермен!
Мұрат Есжан, режиссер:
– Алматыдан басқа тағы қай қалаларда түсіресіздер? Лондонда түсірілуі мүмкін деген сыбыс рас па?
– Қазір жоспар бойынша бізде Зайсан, Өскемен, Астана, Алматы облысы бар. Одан бөлек, иә Лондонға барамыз деген жоспар бар енді. Уақыт көрсетеді.