Актер Еркебұлан Тоқтар спорттағы жолын 2021 жылы бастаған кәсіби жекпе-жек шебері. Содан бері ол 14 мәрте шаршы алаңға шығып, оның 11 жеңіс тұғырынан көрінді.
Еркебұлан 16 тамыз күні өткен соңғы тартысында қарсыласын 2-раундтың 4 минут 58 секундында нокаутқа түсірді. Ал бүгінде спортшы ақпан айына жоспарланған кездесуіне қызу дайындық үстінде.
Еркебұлан Тоқтар, ММА файтері, актер:
– Міне кешегі дайындық, спаринг болған. Шамамен бір ай жаттығу істемей спаррингте таяқ жедім. Біздің қазекеңдерден.
Еркебұлан Тоқтармен беттесу алаңына шыққысы келетін спортшылар аз емес. Тіпті оған Өзбекстан, Қырғызстан сынды алыс-жақын елдерден ұсыныс түсіп, әлеуметтік желіде қызу талқыланады. Десе де, Тоқтар-тегі жақында өтпек болған жекпе-жектен бас тартып, қомақты қаржыдан қағылған-ды. Оған себеп:
Еркебұлан Тоқтар, ММА файтері, актер:
– Қазір осы бір айдың аяғына бір төбелес ұсынған. Оны алған жоқпын. Өйткені баяғыдай дайындықсыз шыға бермеймін. Түбегейлі дайындықпен шығамын.
ММА файтері осы айдың соңында Америкаға аттанып, Кин Мо есімді жаттықтырушысымен дайындық жүргізіп, біліктілігін арттырмақ. Спортшының қарсыласы әзірге бізге беймәлім.
Еркебұлан Тоқтар, ММА файтері, актер:
– Келесі жекпе-жек енді ақпан. Әр тартыстың алдында кемі 2 ай дайындалуым керек. Кез-келген жерге дайындықсыз шыға беретін Еркебұлан жоқ қазір.
Нағыз шоу әлі алда, көрермен! Белгілі ММА файтері – Қуат Хамитов әлеуметтік желіде Еркебұлан Тоқтарға жекпе-жекке шығуға ұсыныс тастады. Ал Еркебұлан «Иә» деп жауап қатты. Себебі, жас спортшы өзіне бек сенімді!