KFW-тің екінші күні отандық және ТМД елдерінен келген дизайнерлердің жаңа топтамаларымен жалғасты. Көрсетілімнің шымылдығын, танымал дизайнер Наиль Байкучуков ашты. Ол өз коллекциясын «Ойдың күші» деп атапты. Сән шебері «Көйлектеріме алтын түстерді көп қолдандым. Неге екені белгісіз, ішкі түйсік осы реңктің болғанын қалады », - дейді.
Наиль Байкучуков, дизайнер
- Көрсетілімге дейін менің топтамам мүлдем басқа болатын. Бірақ, осы екі апта қалғанда бәрін өзгерттім. Сіздерге қызық айтайын, менде көрсетілімге бес күн қалғанда небәрі екі образ ғана дайын болды. Жақындағанда толықтырып үлгердім.
- Осы жолы топтамамда алтын түстер басым. Мына көйлек көргендеріңіздей негізгі туындылардың бірі. Оны Роза Рымбаева үшін арнайы дайындадық. Оны Роза ханым киген, бағасы миллиондай.
Подиумда тек отандық модельдер ғана емес, жаһандық сән сахналарда тәжірибе жинақтаған, қазақстандық фэшн мамандар да өнер көрсетті. Солардың бірі - модель Ботагөз Оңғарова.
Ботагөз Оңғарова, модель
- Менің ойымша, айырмашылық өте үлкен. Жақында ғана Миланда өткен көрсетілімге барып келдім. Әрине, енді ол сәннің орталығы ғой, дамыған ел. Бірақ, бізде де ұйымдастыру жағы, ең бастысы сапа жоғарылаған. Мен үшін Kazakhstan Fashion Week үлкен мақтаныш. Себебі, біздің дизайнерлер өздерінің идеяларын еркін жеткізіп қана қоймай, оны әлемдік деңгейде де таныстыра алатын болған.
Көрмеге келген қонақтар Әзірбайжан, Тәжікстан, Грузия елдерінің топтамаларын тамашалап қана қоймай, әр елдің мәдени болмысымен де танысты. Дегенмен, кәсіби сахнада, мұндай көрсетілімдерге берілетін баға да аса маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Лилия Рах, фэшн сарапшы, стилист
- KFW Қазақстанда 20 жылдан бері өткізіліп келеді ғой, бұл елдегі сән индустриясының дамып келе жатқанын көрсетеді. Қазір отандық дизайнерлердің деңгейі өсіп жатыр. Дегенмен, көрсетілімдердің стиліне әлі де мән беру керек деп ойлаймын. Бұл бағыт бізде толық қалыптасып үлгермеген, әлі процес үстіндеміз. Сондықтан дизайнерлерге әлі де оқу керек, оқу керек, оқу керек деп айтар едім.
Кеш басталмай жатып-ақ дизайнерлердің топтамаларына қызығушылық танытып, сатып алушылар да табылды. Бұл дизайнерлер еңбегіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті.
Қарлығаш Көсбаева, «RAKHIMA FASHION» негізін қалаушы
- Топтамам орта жастағы әйелдерге арналған. Ерекше ұзақ дайындалдым. Көргендеріңіздей коллекцияны 35 жастан асқан модельдер таныстырды. Бұнымен менің айтқым келгені, әйел адам кез келген жаста әдемі. Сондықтан бүгінгі киімдер де осы идеяға сай жасалды. Көйлектерімді кештің біткенін күтпей, сатып алған адамдар да бар.
AJEMI, дизайнер (Өзбекстан)
- Коллекциямызды антикварлық кілемдердің элементтері мен жіптерін қолдану арқылы тігілген киімдермен толықтырдық. Яғни, оны үш жүз жылдан асқан қолөнер үлгілерінің өрнегі мен фактурасы заманауи киімдермен үйлестірдік. Дегенмен, бұл киімдер күнделікті киюге арналмаған. Топтама болашақта Әзірбайжан музейінде сақталмақ.
KFW-тің атмосферасын, өнер өкілдері де жоғары бағалады. Олардың қатарында арнайы шақыртумен және жақындарының қызығушылығымен келгендер де бар.
Бақыт Тұрман, әнші
- Біздің Қазақстандық дизайнер бар. Сол кісінің топтамасынды бір киімдерді киіп көрсеткен болатынмын. Тіпті подиумда жүріп көрдім. Содан бері мен осы Қазақастан Фэшн Уиктің тұрақты тұтынушысымын. Көрерменімін.
Осылайша, Kazakhstan Fashion Week-тің екінші күні өз мәресіне жетті. Бірақ, сән әлеміндегі басты сәттер әлі алда. Бүгін финалдық күннің ең жарқын көрсетілімін өткізіп алмаңыз!