Нұржан Төлендиев қайталанбас образдарымен, оның ішінде Тука кейіпкерімен көпшіліктің жүрегіне жол тапқан актер. Алайда ол театр сахнасымен шектеліп қала қойған жоқ. Осыдан 9 жыл бұрын «Бізді күтер бір бақыт» толықметрінде басты рөлді сомдады. Жақында жарық көрген «Хотя бы в кино 4» картинасында төбе көрсетті.
– Жалпы қазір фильмдер ай сайын емес, апта сайын шығып жатыр ғой. Соған баға бере аласыз ба? Ұнай ма сізге?
Нұржан Төлендиев, актер:
– Жақсы туындылар бар. Қазақ киносы дамып келе жатыр. Бала шағаммен, отбасыммен барамын. Олардікін көрген кезде маған оңай сияқты. Өзімдікін көру қиын болып жатыр.
Иә, Нұржан мырза сұқбат барысында ешкімге айтпай жүрген сырын білдіріп қойды. Біз де оңтайлы сәтті жібермей, әңгімені әрі қарай жалғастыра жөнелдік.
– Қандай фильм түсіргіңіз келеді?
Нұржан Төлендиев, актер:
– Баяғыдан арманым сол драма ғой. Басы бар, аяғы бар. Халыққа ой салатын. Ол қатты жылата беру де міндет емес. Жалпы түйсік қалдырсақ болды да әйтеуір. Осындай да болады екен ау деген сияқты.
– Бір идея бар ма ойыңызда...
– Бар. Бар. Оны айтпайм, айтпайм. Айтсам ұрлап кетесіңдер.
– Қашан кірісетін ойыңыз бар жұмысқа.
– Осы күзде бастаймыз. Биыл дәмін көріп алайық. Құдай қаласа енді.
Болашақ кинопродюсер тырнақалды туындысында басты рөлді өзі сомдайды. Ал режиссер ретінде Ернар Нұрғалиді көргісі келеді екен. Оған себеп:
Нұржан Төлендиев, актер:
– Ернардың өйткені маған ұнайды несі. Актерге еркіндік береді. Импровизацияға еркіндік береді. Шынайылыққа еркіндік береді.
Бұл Нұржан Төлендиевтің кинопродюсер ретінде алған алғашқы жобасы. Бұл жұмыс көп уақыт пен энергияны талап еткенмен, актер 30 жылдан астам уақытын арнаған театр сахнасынан баз кешетін ниеті жоқ!
Автор: Ш. Құсаинова