Нұрғиса Тілендиевке 100 жыл! Жұлдыздар композитордың өмірі мен өнері жайлы не біледі?
Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші
– «Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады.» Бұл туындыны білмейтін қазақ кемде кем шығар. Көрнекті қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевке биыл 100 жыл! Дәл қазір біз ұлы тұлғаның мемориалды музейіндеміз.
Альмира Тұрсын, актриса: – Нұрғиса атамыздың қандай да бір әнін білесіз бе? – Әндерін білмеймін. Бірақ, музыкасын тыңдасам білемін. Көбін фильмдерден білемін. Біздің мынау Қазақфильмнен шыққан көп фильмдерден білемін. Бірақ, өзім айта алмаймын. Бүгін әндердің сөздерін алдым, жаттап аламын. Келесі жолы ән айтып беремін.
Қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы, композитор, дирижёр Нұрғиса Тілендиевтің ғасырлық мерейтойына орай өнер иелері мен қоғам қайраткерлері оның есімін ұлықтауға жиналды. Алматыдағы мемориалды музейге келген қонақтар сазгердің бай мұрасымен қайта қауышып, оның халқына қалдырған өнегелі жолын еске алды. Осы тұста әнші Рүстем Нұржігіт те ұлы тұлғамен болған естеліктерімен бөлісті. Рүстем Нұржігіт, музыкант: – Біздің үйде қонақта болған кезде, ол кісі таңертең оянып қалсам, енді қонған ғой… Әкемнің бір курстасына қатты ұрсып жатыр екен. 12:00-де оянып кеттім де айқайынан, қатты даусынан. 12:10 - атып тұрып, орталарына тұрып алдым да, «әкемнің досына тиіспеңіз»,- деп мен. Сөйтсем әкем бірден Нұрғиса ағамыздың ашуын бассын дап, «баламызға түкіріңізші, аузына түкіріңізші» деп. Ол маған бүйтіп қарап: «Өй, мынау бала менен де өткен жынды болады екен! Аузына түкірмеймін, қазір күй ойнаймын, домбыраның құлағын тістеп отырсын»деді. Содан, мен тістеп отырдым қасында.
Музей ішінде композитордың домбырасы, қолжазбалары, жеке заттары мен фотосуреттері сақталған. Бұл жәдігерлер – Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолынан ғана емес, күллі қазақ музыкасының шежіресінен сыр шертеді.
Альмира Тұрсын, актриса: – Әсеріңізбен бөлісіңізші? – Мен өкінішке қарай бірінші рет бүгін келдім. Енді көп Нұрғиса ағамыз туралы оқуға керек, зерттеу керек. Бүгін сол пәтеріне келіп, кәдімгідей бір шабыт алдық. Әндерін тыңдап, кино көріп. Рүстем Нұржігіт, музыкант: – Өте қуаныштымын. Осындай бүгін бір керемет сәттер, осы бір тарихи жерге келіп, Нұрғиса ағамыздың ноталарынан бастап, киімдері, мына шәй ішіп отырған жері, жатқан жері. Жалпы үйі ғой осы. Соны көріп қазір бір рахаттанып қалдым.
Мерейтой аясындағы бұл кездесу – тек естелік емес, өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі. Ұлы тұлғаның артында қалған әрбір әуен – қазақ рухының мәңгілік үні. Шара 16-17 қыркүйекте композитордың шығармашылығынан сыр шертетін «Құстар» симфониялық шоумен жалғасын табады.