Қазақстан футболшыларының Даниядан 1:3 есебімен жеңілуі

Сообщить о проблеме с эфиром

Өткен демалыста миллиондар талқылаған тағы бір тақырып... Бұл Қазақстан футболшыларының Даниядан 1:3 есебімен жеңілуі. Жанкүйерлер Бауыржан Исламханның алаңнан қуылуы жайлы да қызу дауласуда. Бас бапкер Бородюкке журналистер неліктен лап қойды? Серік Ноянбайұлы зерделеп көрді.

Орталық стадиондағы 19 000 жанкүйердің қызу қолдауымен Қазақстан матчты шабуылда белсенді бастады. Доп ұстауда басымдық танытса, дат футболшылары қарымта шабуылға иек артты.

27 минутта Дания құрамасы есепте алға шықты. Йоргенсеннің тепкен добын Давид Лория қайтара алмады. 44 минутта Бауыржан Исламхан шынтағымен қауіпті ойнап, алаңнан қуылып. Төреші шешімі аса қаталкөрінсе де, команда капитанының осымен екінші ойында жүйкесі сыр берді. 51 минутта Кристиан Эриксеннің пенальтиі голға айналды. Есеп 2:0.

76 минутта Исламбек Қуат қарсыластардың қорғаушысын алдап өтіп, есепті қысқартты. Алайда, араға 5 минут сала екінші таймда алаңға шыққан Каспер Дольберг гол соғып, Данияны алға шығарды.

Каспер Дольберг, Дания құрамасының футболшысы: «Бүгін қиын матч болды. Бірінші таймда Қазақстан жиі шабуылдады, біздің шабуылдарға тосқауыл қоя білді. Дегенмен, жоспар орындалды. Қазақстан футболшылары алаңда дөрекілеу ойнайды екен.» Дания құрамысының бапкері 10 ойыншыға қарсы қатты қиналған аяқдопшыларына қапалы.

Оге Харейде, Дания ұлттық құрамасының бапкері: «Біз мақсатты орындадық. Көптеген мүмкіндіктеріміз болды, дегенмен ойыншыларыма әлі де көңілім тоқ емес. Бірақ, жаман күні алған үш ұпай да маңызды. Қазақстан футболшылары үйде ұтылуды ұнатпайтын, ұйымшыл әрі мінезді команда.»

Қазақстан құрасының бас бапкері шәкірттерімнің ойынына разымын деді. Бауыржан Исламханның жауапсыздығын бүркемелеп қалды.

Александр Бородюк, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері: «Мен бүгін алаңда басқаша викингтерді көрдім. Олар төрешіден жылап пенальти, айып добын сұраумен болды. Исламхан ойын тәртібін қатты бұзған жоқ. Ол үшін Бауыржан ешбір жаза алмайды. Алаңнан қуған төреші тым қатал үкім шығарды. Дегенмен, біздің жігіттер нағыз мінез көрсетті.»

Бородюк келгелі құрамамыз екінші мәрте ұтылды. Оған деген жанкүйерлер сезімі ала-құла. Бас бапкерлікке біреудің арқасында келдің деген бір журналистің сұрағына қатты шамданды. Александр Бородюк, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері: «Сіздің бұл сұрағыңызға жауап бергім келмейді. Себебі, мен бас бапкерлікке біреудің көмегімен отырмады, ешкімге пара бергенім жоқ. Сұрақ қоюға хақыңыз болса да, мен сізді мәдениетсіз жан деп есептеймін. Егер бүкіл маусымда төмен нәтиже көрсетсем, сонда кінә тақсаңыз болады.»

Ұтылдық. Бірақ, жігіттеріміз барын салды, қателесті, намысқа шапты. Е-тобындағы еншімізде екі ұпай мен соңғы орын. Дания 10 ұпаймен көшбасшыларды қуып жетті.