ЕХРО-2017 ашылу салтанатын күллі Қазақстан мен жарты әлем тікелей эфирде тамашалады

Сообщить о проблеме с эфиром

ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатын күллі Қазақстан мен жарты әлем тікелей эфирде тамашалады. Тарихымыздағы аса ауқымды жобаға 400 млрд. теңге жұмсалған. Замануи технология мүмкіндіктері, ерекше қойылым, Астана түнін жап-жарық еткен от-шашу. ЕХРО2017 беташары тағы несімен есте қалды?!

Қазақ жұрты тағатсыз күткен, көркі көз тартар ЕХРО қалашығында көрменің беташары ұлы тойға ұласты. ЕХРО-ның ресми ашылу салтанатына 19 мемлекет басшысы келген. Бес жыл қамданған «Астана ЭКСПО-2017» – танымалдылығы жағынан ең ауқымды оқиға санатында. Мұнда тек ғалымдар мен мемлекет басшылары ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылмақ. ЕХРО-2017 кешенінде 155 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильондары жайғасқан. Үш айдың ішінде маңызды шараны тамашалауға 5 млн адам келеді деп күтілуде. Театрландырылған қойылым мен инновациялық шоуы ғарыш, күн, жел мен судан алатын жасыл энергияның маңыздылығын паш етті. Ұйымдастырушылар ЕХРО-ға 400 млрд теңгенің текке кетпегенін осылай аңғартқандай.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Біз ЕХРО көрмесін Шығыс Еуропа және ТМД елдері арасында тұңғыш ріт өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды.»

Сонымен қатар, Астанада Қазақстан Президенті жүлдесіне бәйге түрлерінен «ЭКСПО Кубогы» өтті. Ел өңірлері мен бірнеше мемлекеттен 150 сәйгүлік бақ сынады. Тұлпарлар құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге түрлерінен сайысты. Доданың жалпы жүлде қоры 63 млн теңге. 25 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесін Атыраулық «Желқанат» атты жүйрік иеленіп, иесі10 млн теңге қанжығалады.