«Әлем таныған Димаш» Астана төрінде өтетін алғашқы концертіне қызу дайындық жүргізіп жатыр

Сообщить о проблеме с эфиром

«Әлем таныған Димаш» Астана төрінде өтетін алғашқы концертіне қызу дайындық жүргізіп жатыр. Бастапқыда бұл кеште Лара Фабиан бой көрсетеді деп болжам жасалған-ды! Алайда, әйгілі француз әншісі Құдайбергенов күткен құрметті қонақтардың тізімінде болмай шықты...

«Бастау»! Дәл осындай атаумен ұсынылатын шоу-концерттің бүгінде соңғы жұмыстары пысықталу үстінде. Бұл жайында Димаштың жеке пиар-менеджері хабарлады.

Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері (skype арқылы): -Соңғы дайындық кезеңдеріне келіп жеттік. Себебі әр күн, әр уақыт санаулы. Өздеріңіз білесіздер уақыт деген өте аз қалды. Қазір енді бар күшімізді салып жатырмыз. Димаш күні-түні өзінің тыңдармандарын, жанкүйерлерін таңқалдыру үшін еңбек етуде.

Бұл концертте қазақ баласының қуанышына ортақтасқан әлем жұлдыздарын да көре аласыздар. Мәселен, отандасымыз Майра Мұхамедқызы, «І am singer » жобасында Димашпен бірге бақ сынаған Тэрри Лин, сондай-ақ ресей жұртының сәлемін ала келер Кристина Орбакайте және «Евровидение-2012» халықарылық ән додасының жеңімпазы Loreen де Астаналық қонақтарға арнап ән салады.

Алғашқыда жаһан жұлдыздарының тізіміне Лара Фабианда енеді деген болжам жасалған-ды. Алайда, француз әншісі мен Димаш арасындағы шығармашылық тандем әзірге келешектің еншісіне қалған.

Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері (skype арқылы): -Лара Фабианмен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы! Алдағы уақытта Лара мен Димаштың орындауындағы дуэті тыңдап қаласыздар. Ол уақыт еншісінде.

Сатылған билеттердің басым көпшілігі шет елдік қонақтардың қолында деседі. Ал, ЕХРО-2017 көрмесіне орай ұйымдастырылған бұл шоу-концерттің әр келушісін таң қалдырар тұстары көп болмақ.

Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері (skype арқылы): -Ең бірінші таң қалдыратын нәрсе ол Димаштың дауысы. Одан кейін барлық шоудың элементтері. Бізде жұмыстар украиндық режиссер Андрей Йоменмен бірге қазіргі таңда атқарылып жатыр. Әр номерге жеке-жеке қарастырылып, оның барлық элементтерін сіздерге ашып айтпай қояйық. Бірақ, қызықты шоу күтіңіздер деп айта аламын.

Ал, Димаш Құдайбергеновтің елорда төріндегі алғашқы шоуы 27-ші маусым күні «Астана Аренада» өтетін болады.