Головкин мен Канело жекпе-жектерін жарнамалап Лондонға келді

Сообщить о проблеме с эфиром

Головкин мен Канело жекпе-жектерін жарнамалап Лондонға келген еді. Бұл баспасөз-маслихатына бас сұға сала, жергілікті боксшы Джо Сондерс төрдегі Альваресті қорқақсың деп келемеждеді. Алайда, Головкинді де сөзбен мұқатсам деген британиялық спортшы қателескен екен... Толығырақ Серік Ноянбайұлы баяндасын.

Пиар-турнесін Еуропадан бастаған Головкин мен Канело алдымен Лондонға ат басын бұрды. Журналистер мен қос команда өкілдері бас қосқан баспасөз-маслихатында ағылшындық боксшы Билли Сондерс те бой көрсеткен. Ол бас салып, WBC чемпиондық белбеуін кезінде айқассыз Головкинге бере салған Канелоны сөзбен бір кемсітіп, кейін Генамен жекпе-жек қалайтынын айтты.

– Бұл жекпе-жектің жеңімпазы менімен айқасқа түседі ме? Головкинмен рингке шығуға тиіс едім, бірақ келіссөз аяқсыз қалды...

Қара бастың жарнамасын жасауды қатыратын әккі Сондерстің баспасөз-жиынына тегін келмегені аян. Осылай бір оқпен қос қоян атып алуды көздеген ағылшын боксшысы Головкиннің өткір жауабынан тайсалып қалды.

Геннадий Головкин, WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпионы: – Билли, мен білемін, сен көп сөйлегенді ұнатасың. Сен бірақ промоутер емес боксшысың! Міне менің промоутерім – Том. Қаласаң, онымен бұл туралы сөйлес, ал ол сенің промоутеріңмен байланысқа шығады.

Головкин-Канело жекпе-жегінің баспасөз-турнесі әрмен қарай жалғасын табады. Олар ағылшындық бокс жанкүйерлерінің алдында көз арбасып, 16 қыркүйекте Лас-Вегас рингінде ұлы майданның боларынан тағы хабар берді.

Баспасөз-маслихатынан кейін жергілікті журналистке жеке сұхбат беріп тұрған Сондерстің, бұтындағы шалбарын британиялық боксшы Дерек Чисор сыпырып тастады. Қос былғары қолғап шебері осы достық әзілден күлкіге қарық болса да, Биллидің бұл күні еш ұпайын түгендей алмағаны анық еді.