Мұрат Бисенбин жуырда жаңа образымен дүйім жұртты таң қалдырмақ ниетте

Сообщить о проблеме с эфиром

Кино сүйер қауымға «Рэкетир» немесе «Руслан» атымен таныс Мұрат Бисенбин жуырда жаңа образымен дүйім жұртты таң қалдырмақ ниетте. Қылмыстық топтың серкесін сомдап жұлдызы жанған актер, бұл жолы саяхатшының рөлін ойнайды.

Жуырда ғана түсірілім жұмыстары басталған фильмнің режиссеры - Нияз Әбдіғапар! Оның айтуынша, бұл картина отандық кинонарыққа жаңашылдық әкелмек. Ал, тың туынды детективті квест жанрында таспалануда.

Нияз Әбдіғапар, режиссер: -Бұл жанрды таңдауымыз тегін емес! Өйткені, отандық киноиндустрия мелодрама мен комедиядан көз ашпайды. Бізде триллер, фантастика жанрындағы картиналар өте аз! Сондықтан, көрерменді жылатып, күлдіргеннен гөрі, қазақ киносына жаңаша леп әкелгіміз келді.

Шытырман оқиғаға құрылған фильмнің атауы «Саяхатшы». Картина желісі бақилық болған қарттың ұрпағына қалдырған өсиетінен бастау алады. Ғұмыры саяхатшылықпен өткен қарияның құпиясының құлпын ашуға мұрагерлері ынтық. Ал, кинодағы басты жұмбақ кейіпкерді сомдайтын актер Мұрат Бисенбинге сценарий арнайы жазылған екен.

Мұрат Бисенбин, актер: -Мен бұл фильмде егде жасқа келген саяхатшыны сомдаймын. Картина режиссерымен бұрында бірігіп жұмыс жасағанбыз. Ұсыныс түскен сәтте бірден қабыл алдым. Өйткені, қартаң кісінің кейпіне ену мен үшін таңсық образдардың бірі.

Картинаның тағы бір басты кейіпкері - Нұриддин Бидосов! Көпшілікке көк жәшіктен таныс тележүргізушінің, түсірілім алаңында қобалжуы бардай. Әйтеуір, тұсаукесерге дейін өз образы жайлы жан баласына жақ ашпауға бекініпті.

Нұриддин Бидосов, актер, тележүргізуші: -Фильмдегі образ жайлы айтатын болсам мен басты кейіпкер Мұрат Бисенбин түсетін жаңағы саяхатшының інісінің рөлін сомдаймын. Нақты образ қандай екенін айтпай-ақ қояйын. Сіздер оны кино шыққан кезде көретін боласыздар.

Актерлық құрамды толықтырған өнерпаздардың бірі Мөлдір Мекенбаева! Спортта біраз жетістікке жеткен сылқымды, соңғы кездері кино алаңынан қалып жүр!

Мөлдір Мекенбаева, актриса: -Жоқ, мен спортты ешқашан тастамаймын. Бірінші «Любовь по наследству» фильміне түстім басты рөлде. Сонда да мен көп жарыстарға қатыстым. Сондықтан, осы кезде де спорт пен фильмді бірге алып жүремін деп сенемін.

Ал, шытырман оқиға желісіндегі «Саяхатшы» картинасы 2018 жылдың ақпан айында үлкен экранға жол тартпақ!