Қайрат Құдайбергеновтің есімі де Қазнетте қызу талқыға түсті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Елге елеулі бизнесмен Қайрат Құдайбергеновтің есімі де Қазнетте қызу талқыға түсті! Кәсіпкер жеке инстаграм парақшасында Николас Кейдждің әзіл-суретін жариялаймын деп, басы дауға қалды. Карикатура авторын көрсетпегені үшін ол қанша ақталса да, сурет иесі райынан қайтар емес.

Мурат Дильманов, суретші: -Менің туындыларымды кез-келген жерде жариялаған адамдар, суреттің авторы мен екенін көрсетуін өтінемін. Бұл қиын дүние емес қой, ақша сұрап тұрғаным жоқ.

Даудың басы – «Николас Кейдж». Танымал АҚШ актерінің қызықты кейпін Қазнет талқылағанда, белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов те бүған үн қосқан. Ол Кейдж мырза бейнелеген әзіл-картинаны иста-парақшасына салып, жазбасын қалдырады.

Көп ұзамай, бұл карикатураның заңды иесі бизнесменмен байланысады. Авторлық құқығына сүйенген Мурат Дильманов, Қайрат Құдайбергеновтен тез арада суреттің өзіне тиесілі екенін көрсетуін өтінген.

Мурат Дильманов, суретші: -Oған ең алдымен сыпайы түрде жазып көрдім. Менің авторлығымды белгілеуін өтіндім. Есесіне, мүмкін сіз ұлы суретші шығарсыз, бірақ өкінішке қарай мен сізді танымаймын деген жауап алдым. Жазысқан хаттардың көшірмесі де бар.

Сөзбен ешқандай нәтиже шығара алмаған Дильманов, кеткен қарымтасын қылқалам көмегімен қайтаруға көшкен. Енді өз карикатурасы жұртқа жарияланғанда, Қайрат Құдайбергенов суретшіден кешірім сұрамастан, оны жарнамаға зәру жан деп айыптапты.

Мурат Дильманов, суретші: -Мен үшін әлеуметтік желідегі оқырмандар санының көп болуы маңызды емес. Арзан пиардың қажеті жоқ, бар болғаны дүниенің маған тиесілі екенін көрсетсе деймін.

Болған кикілжіңге қатысты кәсіпкер тіс жаруға құлықсыз! Оны суретші де крикатурасын барымталаған ұры деп санамайды. Дегенмен, Құдайбергенов өзін балағаттағаны үшін Дильмановты сотқа беруім мүмкін десе, ол біреудің туындысын рұқсатсыз көшіру – заңсыз іс екенін алға тартуда.