Ұлы дала баласы ашулы! Төреғалиге тағы не болды?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Осыдан бір жыл бұрын, дәл осы студияда қонақ болған Мейрамбек Бесбаев, журналистермен жиі жүздесіп, жыртыңдап көк жәшіктен көп көрінгісі келмейтінін айтқан-ды! Оған себеп БАҚ өкілдерінің берген сұхбатын бұрмалауында болса керек. Ал, тілшілерді көрсе ат-тонын ала қашатын танымалдар тізімін, енді Төреғали Төреәлі толықтырмақ.

Иә, «Бір түрлі қыз» әнінің орындаушысы БАҚ өкілдерін көрсе бой тасалап, 2 жылдан астам уақыт қолжетімсіз болып жүрді. Тіпті, Төрештің бұл қылығын жұрттың басым көпшілігі, «жұлдыз ауруына» шалдықты деп топшылаған-ды! Алайда, сері жігіттің сұхбатқа келгенде сырт айналуының өзіндік сыры бар болып шықты.

Төреғали Төреәлі, әнші:

-Бір жаңалығыңмен бөлісейін деп, бейнебаян түсіріп жатырмын деп, тағы басқа шығармашылық туралы айтамын деп журналистерге кездессең, сосын үйленгеніңізді неге айтпай жүрсіз, қашан айтасыз деген сияқты ұсақ-түйек әңгімелерден шаршап кеттім шынымды айтсам.

Дүркіретіп той жасап, дүйім жұртқа жұбайын таныстырған Төреғали бұдан былай қоғамға араласып, белсенділік танытамын деп отыр. 

Төреғали Төреәлі, әнші:

-Енді ашық әңгіме айтуға болатын болды. Кез-келген жерде, кез-келген тақырыпты қозғауға, азаматтық пікір білдіруге өзім екен ғой жол ашпай жүрген.

Көрерменге көк жәшіктен көп көрінгенше, Ақылбек Жеменейдің жанына қарапайым халықпен той-думанның ортасында жүрген майдай жағады.

Ақылбек Жеменей, әнші:

-Көп жырпылдап шыға бергенді жалпы ұната бермеймін. Бір айтуға тұратындай нәрселермен, жаңалықтарыммен шықпасам, былай бос әңгімемен шыға бергім келмейді.

Тілші көрсе ат-тонын ала қашатын хитменнің, әріптестерімізге айтар сылтауы  да күні бұрын дайын.

Ақылбек Жеменей, әнші:

-Бас тартамын, жоқ болып кетемін. Ұстай алмай қалуы мүмкін. Сөйтіп жүре беремін.

Қазір Ерке Есмахан да журналистерді осылай жатырқап жүр. «Қайда» әні хит болғалы, ол тілшілер қауымын өкпелетуді әдетке айналдырған. Бүгінде той-думанның гүлі болған ерке қыз, кеше БАҚ-өкілдері арқылы бағы жанғанын есіне ала ма екен?!