«Грэмми – 2018». Маңызды музыкалық марапат кімге бұйыруы мүмкін?

Сообщить о проблеме с эфиром

Санаулы күндерден соң ән әлемінің кіл мықтылары «Грэмми»  мүсіншесін алу үшін, Нью- Йоркке ағылмақ. Jay-Z, Кендрик Ламар немесе Бруно Марс! Кім мәреге қара үзіп келмек? Бұған сарапшылардың болжамы әзір...

Әлемге әйгілі «Грэмми» марапаты 60-шы рет өз шымылдығын түрмек. Биыл 81 аталым бойынша озық шығуға үміттілер арасында, Джей Зи мен Кендрик Ламар көш бастап тұр. Қос әнші де, «жылдың ең үздік альбомы» жүлдесінен дәмелі.

Росс Скарано, Billboard журналының  вице-президенті:

- Менің ойымша, Кендрик Ламардың «Damn» әнжинағы үздік деп танылуы тиіс. Бұл оның ең сәтті шыққан жобаларының бірі дер едім. Алайда, Джей Зи де осал емес.

Әріптестерімен қатарласа, Бруно Марс та өз әнжинағының мықты деп танылуы үшін таласқа түседі. Ал, оның есімі музыкалық бәйгеде басы-қасы 6 номинация бойынша аталмақ.

Росс Скарано, Billboard журналының  вице-президенті:

- Бруно Марсқа келер болсам, оның әндері халық арасында танымал болды. Жүлдеге үміттілердің барлығы өте мықты музыканттар. Оларды өзара бөліп-жарғым келмейді.

Жаздың ең үздік хиты «Despacito» -да  Грэммидің тізімінен табылды. Еске салсақ, марапат тарихында шет тілдегі ән тұңғыш рет үміткер болып  отыр.

Росс Скарано, Billboard журналының  вице-президенті:

- «Жыл әні» де талас тудыратын номинациялардың бірі. «Деспаситоның» халық арасында кең танылғанын айтпай кетпеске болмас. Трек 16 апта бойы ән шерулердің көшін бастап тұрды.

Одан өзге салтанатты шарада танымал тректер шырқалып, музыкалық мереке үш сағат бойы жалғасады. Ал, жұлдызды қонақтар арасында Элтон Джон, Майли Сайрус, Стинг, Бейонсе мен Рианна сынды әншілер болмақ.