Кайли Миноуг тыңдармандарының жүрегін қайта жауламақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Тыңдармандарын туындылармен қуантуды сиреткен Кайли Миноуг, су жаңа альбомын жазуға кірісіп кеткен. Соған қарағанда, әнші өз әріптесі Эд Ширанның жетістігін қайталағысы келген көрінеді. Музыка саласының соңғы жаңалықтарын тілшіміз тарқатсын.

Британдық музыкант Эд Ширан, халықаралық фонограмма федерациясының пайымымен, 2017 жылдың «ең табысты өнерпазы» деп танылды. Оның бір ғана "Shape of You» трегінің сатылымы 2 миллионнан асқан.

Сондай-ақ, өнерпаздың «Divide» атты альбомы да табысты туындылар қатарына қосылып отыр. Осылайша, Эд Ширан жеке жинағы мен «Shape of You» хитының де ақшалай кірісі мол болған, фонограмма федерациясының тарихындағы ең алғашқы әнші атанбақ.

Эд Ширан, музыкант:

- Менің музыкадағы кумирім Адель. Оның шығармашылық жолын қайталағым келеді.  Себебі, ол соңғы 10 жылда жемісті еңбек еткен өнерпаздардың бірі.

Ал, сатылымы бойынша рекорд орнатқандар тізімінде рэпер Дрэйк өзінің «More Life» жинағымен екінші орынға жайғасса, Тейлор Свифтың "Reputation" альбомы қараша айында ғана жарық көргеніне қарамастан, үшінші орынды иеленді.

Жер жаһанға атағы жайылған британдық «The Rolling Stones» тобы болса, 5 жылдық үзілістен соң, өздерінің отанын әнсапармен қайта араламақ. Туған жерде төбе көрсетуді сиреткен ұжым, алғашқы концертін мамыр айында, Дублин қаласында өткізуді жоспарлап отыр.

Көптің көзінен тасада қалған австралиялық поп-әнші Кайли Миноуг та, шығармашылығына шындап кірісуде. Ең соңғы рет 2015 жылы жеке жинағы жарық көрген өнерпаз, дәл қазір  «Golden» атты альбомын жазу үстінде. Ал, содан кейін Кайли, Ұлыбританиядағы ауқымды турнеге аттанбақ.