Париждегі сән апталығында «әйел теңдігі» тақырыбы көтерілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Француздықтар дәл қазір спорт емес, сән шарасының қамымен жүр. Парижде әлемнің тренд қуған аруларының басын қосатын  фэшн уик басталды! Ағылған қонақтар арасында жұлдыздар да жетерлік.

Париждегі фешн уикте алғашқы болып, аты әлемге әйгілі «Dior»  бренді өзінің топтамасын таныстырды. Көрсетілімі үшін «Роден» өнер мұражайын жалдаған Мария Грация Кьюри, бұл жолы «әйел теңдігі» тақырыбына 60-70 жылдардың сәнін негізге алған.

Мария Грация Кьюри, «Dior» сән үйінің креативті директоры:

-Әйгілі Диана Вриланд «өмірімде ең маңызды екі кезең бар. Ол 20 және 60 жас. Есейген кезде, жиырмадан асқан жастардан үйренеріміз көп» деген еді. Сол айтпақшы, екі заманның сәнін тоғыстырғым келді.

Әйел құқығын күйттеген дизайнердің қарсылық пен төңкеріске толы топтамасын Кара Делевинь, Изабе́ль  Юппе́р сынды танымал арулардың өзі тамашалап қайтты.

Танымал сәнбике Кая Гербер болса, әдеттегі дәстүрден таймастан «Yves Saint Laurent»  көрсетілімінің сахнасынан табылды. Әйгілі бренд, бұл жолы қара түске көбірек таңдау түсірген. Былғары шалбарлар мен қысқа көйлектерден тұратын бұл топтама, көптің көңілінен шыққандай.

Ал, көрсетілім кезінде актриса Кейт Мосс бірінші қатарға жайғасса, Шарлотта Генсбур сән салтанатына анасы Джейн Биркинді ерте келген.

Азулы дизайнерлермен қатарласа киімдерін көпшілік назарына ұсынған Симон Порт Жакмю болса, өзінің әсем топтамасын шығыс музыкасының нәзіктігімен тамаша үйлестіре білген.

Көрсетілімінде ашық-жарқын түстерден барынша қашық болуды көздеген жас дизайнерге, қалың көпшілік  болашақта тәуелсіз француз сәнінің «жарқын жұлдызына» айналады деп сенім артуда.