Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа түбегейлі ауысты

Сообщить о проблеме с эфиром

Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, белгілі британдық промоутермен келісімшартқа қол қойды. Эдди Хирн енді қазақстандық боксшыны чемпиондыққа жеткізу жолында тер төкпек. Энтони ДжОшуа, Амир Хан сынды жұлдыздарды шығарған ол, Даниярдың бағын аша ала ма?!

«Даниярды жүз пайыз әлем чемпионы ете аламын». Бұл Елуесіновпен үш жылға келісімшарт жасасқан Эдди Хирннің сөзі. Қазақстандық жұлдызды боксшының су жаңа промоутері, келешек әріптестіктен зор үміт күтуде. Британдық маман жылына 30-дан астам бокс кешін ұйымдастыратын жандардың қатарында. Ол қазіргі таңда Энтони Джошуа, Келл Брук, Амир Хан, Дэниэл Джейкобс сынды елеулі былғары қолғап шеберлерімен жұмыс істейді.  

Данияр кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 28-сәуір күні, Нью-Йорктегі  «Барклайс-центрдегі» Дэниел Джейкобс пен польшалық Мацей Сулецки жұдырықтасатын бокс кешінде өткізбек. Қарсыласы әзірге белгісіз. Эдди Хирннің сөзінше 7-8 кездесуден соң, Елеусіновтың чемпиондық белбеу жолындағы жорығы нақты басталу тиіс. Екінші айқасы  2-маусым күні Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында болады деп жоспарланған.

Данияр 66,7 келіде яғни жартылай орта салмақта өнер көрсететін болады. Бұл дивизонда Келл Брук, Амир Хан, Тимоти Брэдли, Кит Турман секілді мықты бәсекелестері тұр. Чемпиондық белбеуге қол жеткізу оңайға соқпасы анық. 26-жастағы Елеусіновтың қоржынында олимпиада алтынынан бөлек, әлем  чемпионы және екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар. Ол 2020-жылғы Токио олимпиадасына қатысуға да үмітті.