Асылхан Төлепов театр актерларының тасада қалғанына қапалы!

Сообщить о проблеме с эфиром

Асылхан Төлеповтың сөзінше, осы уақытқа дейін кинонарықта тер төккендерге түрлі марапаттар ұсынылғанымен, театрда қызмет ететіндердің еңбегі еленбей келеді. Актердың бұл пікірін әріптестері де бір ауыздан қолдап отыр. Өнерпаздардың өзара талқысына түскен бұл даулы тақырып, «Сахнагер» ұлттық премиясында да қозғалды.

Сахнагер – еліміздегі театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан таланттарға табысталатын тұңғыш премия. Өткен жылы Астанада тұсауы кесілген ұлттық бәйге, биыл Алатау баурайында өтті. Асанәлі Әшімов басқаратын Қазақстан театрлар қауымдастығының шешімімен, 20-ға жуық жастар «Үміт» номинациясын еншіледі.

Ал, әріптестеріне аталмыш сыйлықты табыстаған Асылхан Төлепов, театр актерлары үшін бұрын-соңды мұндай марапаттың болмағанын айтады.      

Асылхан Төлепов, актер:

-Ештеңемен сахнаны алдай алмайсың. Ештеңемен сахнаны айырбастай алмайсың. Сол сияқты сахнаның орны бөлек. Театр өнеріне кішкене көбірек көңіл бөлінген дұрыс сияқты деп ойлаймын.

Асылханның бұл сөзін Дәурен Серғазин де растайды. «Сахнагер-2018» бәйгесінде «Үздік актер» атанған өнері иесі, театр үшін тер төгіп жүрген таланттардың бірі. 

Дәурен Серғазин, «Үздік актер» номинациясының жеңімпазы:

-Кенже қалып жатыр. Бірақ театрдың жасап жатқан жұмысы орасан. Біз марапат үшін жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Біз сол халықтың көңілі үшін, Қазақстанымыздың мәдениетінің өсуі үшін жұмыс жасап жатырмыз.

Ал, «Үздік опера солисті» номинациясында жүзден жүйрік шыққан – әлем танитын Сүндет Байғожин. 

Сүндет Байғожин, «Үздік опера солисті» номинациясының жеңімпазы:

-Тек қана үміт деп, оны үміттендіріп, оған наградасын беру ол әрине түсінікті. Бірақ сол үмітті ары қарай, Қазақстанның атын шет елге шығаратындай қылып, еліміздің өнерін шынайы таныстыратындай қылып,  өнер майталмандарын ары қарай жетелеу керек. Орта жолдан тастап кетуге болмайды.

Еліміздің театрлар Ассоцациясы жастармен қатар, аға буынды да ұмыт қалдырмаған. «Сахналық ғұмыр» сыйлығы Қазақстаның Халық әртісі Сәбит Оразбаевқа бұйырса, Есмұхан Обаев «Театр өнерінің дамуына ерекше қосқан үлесі үшін» марапатына лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Сахнагер» ұлттық премиясында: «үздік сахна суретшісі», «үздік менеджер», «үздік театр сыншысы», «үздік драматург», «екінші пландағы үздік актер әрі актриса» және «үздік балет әртісі» сынды жүлделер де табысталды.