Альварестің орнына Головкинге қарсы кім айқасуы мүмкін?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Головкин мен Альварестің айқасы бола ма?! Бұл жаһандық бокс жанкүйерлерін мазалайтын ең бірінші сұрақ. Басы допинг-дауға ілігіп, енді комиссияның үкімін күтіп жатқан Канелоның орнына, рингке шығуға құштар боксшылар көп. Генамен 5-мамырда жұдырықтасуы мүмкін былғары қолғап шеберлері кімдер?!

Невада штатының Атлеттік комиссиясы, қанындағы «кленбутеролмен» құрықталған Канелоның тағдырын 18-ші сәуір күні шешеді. Головкиннің промоутері Том Лефлер, 5-мамырда Лас-Вегаста жоспарланған жекпе-жекке билет сатып алғандарды сабырға шақырды. Оның сөзінше, Геннадий міндетті түрде рингке шығады. БАҚ мәліметтерінше «GGG-дың» командасы тура сол күнге MGM Grand  аренасын да жалға алуға өтініш білдірген екен.

Допинг-даумен жарыстан шеттетіліп, Головкинге қарсы айқасқа Альварес 5-мамырда шықпай қалса оның орнын кім баспақ?! Мексикалық боксшыны алмастыруға ең алғашқы құлшыныс танытқандардың бірі, екінші орта салмақтағы  WBO чемпионы, 37 жекпе-жегінде жеңілмеген - Хильберто Рамирес.  Оның жерлесі атақты кіші - Хулио Сезар Чавес те осында жүр. Оның ізін ала, әлі ұтылмаған бірінші орта салмақтағы WBO чемпионы - Деметриус Андраде Генндиймен жұдырықтасуға ынтасын білдірді.

WBC тұжырымы бойынша Головкиннің чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер, 26 айқасының бәрін жеңген - Джермалл Чарло да 5-мамырға дайын екенін айтты. IBF-тың уақытша чемпионы украиндық боксшы - Сергей Деревянченко да бұл тізімде бар. Геннадиймен рингте бақ сынауға қызыққандар қатарын, қызуқанды ирландиялық - Гэри О'Салливан да толықтырды. Мексикадан тыс жерде атағы әлі шықпаған жас кәсіпқой - Хайме Мунгуйя да, отандасы Аьваресті алмастырсам дейді. Үміткер көп, нақты шешім әзірге жоқ! Жанкүйерлерге тек сабырмен  «әліптің артын бағу» ғана қалды!