Мохаммед Саллах әлем чемпионатында сыйлықтан неге бас тартты?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алған, алғашқы құрамалар анықталды! Сонымен қатар, жаһандық мундиальда елді елең еткізген жаңалықтар көп. Мысалы, Роналду пенальти тебе алмаса да тарихқа кірсе, Саллах сыйлықтан бас тартты.

Үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіліс тапқан Египет құрамасы, осылайша жаһандық футбол додасымен қош айтысты. Өзі қатысқан қос ойында да гол соққан Мохаммед Саллахқа, Сауд Арабиясымен өткен матчтың «үздік ойыншысы» деген сыйлықты ұсынғанда, ол бас тартқан. Себебі, марапатты табыстағысы келген демеуші сыра өндірумен шұғылданады екен.

Криштиану болса Иран қақпасына белгіленген пенальтиді соға алмады. Осылайша, Роналду 1966 жылдан бері Португалия сапында, негізгі 90 минутта 11 метрлік айып добын тебе алмаған алғашқы футболшы ретінде тарихқа енді. Ал, осы әлем чемпионатында ол 4 голмен мергендер көшінде екінші келеді.

«В» тобындағы өткен ақырғы ойындар сұрапыл айқасқа толы өткен еді. Испания әуріпемдеп жүріп Мароккомен тең түсті. Матчтың 14-ші минутында Бутаиб есеп ашқан соң, испандықтар сапынан араға 5 минут салып Иско қарымта допты соқты. Екінші таймда Эн-Несири мен Аспас бір-бір голдан тіркеп, жалпы нәтижені 2:2-ге жеткізді. Португалиямен иық тірестіре ойнаған Иран футболшылары топтан шығуға сәл-ақ қалды. Куарежмо бірінші тайм соңында әдемі соққысымен жерлестерін алға шығарса, оған жауап ретінде Анфарифард пенальтиден мүлт кетпеді. Драмаға толы болған кездесуде жанкүйерлердің төрешіге деген өкпесі қара қазандай.

«А» тобынан 1-2-ші орынмен шыққан Уругвай және Ресей – жаһандық мундиальдың 1/8 финалынан табылған алғашқы құрамалар. Олардың ізін ала, Испания мен Португалия да плей-оффқа жолдама алды.

Енді, Уругвай-Португалиямен ойнаса, Испания – Ресейге қарсы доп тебеді. Жалпы 1/8 финалда 8 топтан сұрыпталған 16 команда өзара бақ сынайды.