Жұлдызды жұптар түсірілім алаңында!

Сообщить о проблеме с эфиром

Дәурен мен Ақбота танысқалы Айдарқұловтың қазақшасы жақсарып, «Кешьюлік» экс-әншінің орысшасы оңала бастаған. Тіл мәселесін дәл осылай шешкен атышулы жұп, түсірілім кезінде тығырықтан тосылмай шығатын көрінеді.

Дәурен мен Ақботаны табыстырған «Гламур для дур» картинасы! Орыс тілінде таспаланған фильм қарапайым қазақ қызы үшін оңайға соқпағанымен, Айдарқұлов тіл мәселесінде жұбайына әлі күнге дейін қолдау көрсетіп келеді.

Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:

-Қазақша сөзде біз жалпылама ашық түрде сөйлейміз ғой. «Орысшаға келгенде шамалы нәзіктеу, мына жерін былай айтсаң қалай болады? Сен дөрекі сөйлеп жатқан сияқтысың» - деп, сөйтіп-сөйтіп үйретіп жатыр.

Бұл жұп жақында тағы бір отандық телесериалда бірге ойнап, түсірілім жұмыстарын аяқтапты. Дәуреннің қазақ тіліндегі дебюттік жобасына, осы жолы Ақботаның көмегі көп тиген.

Дәурен Айдарқұлов, актер:

-Үйде де кішкене репетиция жасаймыз. Бізге алдын-ала мәтінді береді. Көбінесе Ақбота екеуміздің арамыздағы диалог қой. Сол кезде Ақбота «н», «ң» деп айтып көмектеседі.

Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина 15 жылға жуық, театр сахнасында Қозы мен Баянды сомдады. Олар бүгінде бақытты отбасы. Бірақ, түсірілім алаңында серіктес болғанды қаламайды.

Азамат Сатыбалды, актер, продюсер:

-Назгүлдің өзінің жолы бар, өзінің сүрлеуі бар. Менің өзімнің жолым бар. Кейде бір-бірімізге қарама-қайшы, кері әсер беретін сияқты болып тұрамыз. Сондықтан да жеке дара өскеніміз, өнгеніміз дұрыс қой деп ойлаймын.

Біреу білсе, біреу білмес! Ернар Нұрғалиев пен Әсел Қалиева өмірде – ерлі зайыптылар, өнерде – әріптес! «Класстастар» картинасына отағасы режиссерлық етсе, актриса аталмыш фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдаған болатын.

Әсел Қалиева, актриса:

-Ернарды өмірлік жарым болғаннан кейін мақтағаным емес. Ол режиссер ретінде, кейіпкерге сай келетін актерды таңдауда жаңылған емес, деп айта аламын. Түсірілім кезінде барлығына ортақ талап қояды. Сондықтан ол кісімен жұмыс істеген өте ыңғайлы.

Сондай-ақ, жұлдызды жұп Азат Сейітметов пен Данагүл Темірсұлтанова да түсірілім алаңында жиі жүздесіп, түрлі жобаларда бірге бой көрсетеді.