Денис Теннің қазасына байланысты қойылым.

Сообщить о проблеме с эфиром

Әнуар Нұрпейісов тағы да өткір пікірімен көзге түсті. АРТиШОК театрының сахнасынан табылған актер, «Punch In The Face» қойылымына қатысқан еді. Тұсауы кесілген тың туындыға, Денис Теннің өлімінен кейін ғаламторда жарияланған жазбалар негіз болған көрінеді.

Осы жаздың ең қайғылы оқиғасы – Денис Теннің өлімі көптің көкейіндегі ойдың жарыққа шығуына себепкер болды. Спортшының қазасынан кейін азалы жұрт, қоғамда өршіп тұрған бассыздықты жарыса жаза бастаған еді. Дәл осы посттар АРТиШОК-тағы жаңа туындының негізіне алынған.

Бұрын-соңды болмаған бұл қойылымда, актерлерге тек бір ғана міндет жүктелді – желідегі жазбаларды көрерменге жеткізу.

Галина Пьянова, «ARTиШОК» тетарының режиссері:

-Қойылымдағы мәтінді барлығымыз бірігіп жинадық. Кейбіреулер келіп, мен дәл осы сөздерді айтқым келеді деді. Себебі, мені қоғамдағы осы мәселе алаңдатады деп түсіндірді.

Шарасыз халықтың жан айқайы мен қоғамдағы мәселелерді көтергендер қатарынан Әнуар Нұрпейісов те табылды.

Әнуар Нұрпейсов, актер:

-Айсұлу Әзімбаева маған осы спектакльдің идеясын айтқанда, мен бірден келісімімді бердім. Өйткені бұл қазіргі қоғамда болып жатқан, өмірдің сұрақтарын қоятын спектакль.

Ал, «шындықты айтамыз» деп, ерекше бастама көтерген театр ұжымының еңбегі көрермендер арасынан өз бағасын алуда.

Карим Кадырбаев, киносыншы:

-Алған әсерімді жеткізу оңай емес. Ұнайды, немесе ұнамайды деп те айта алмаймын. Бұл жерде айтылған дүниелердің барлығын, ғаламтордан өзім де оқығам. Алайда, өкінішке қарай, мәселе көтерілсе де, айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ.

Алайда, ұйымдастырушылардың Қадырбаевқа айтары бір. «Бұл қойылым тек бастамасы. Қоғамды қалай да, өнер арқылы өзгертеміз» дейді олар.