«Ұлы дала комедиясы» «Веномын» шаң қаптырды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бір апта бұрын жарық көрген Төреғали Төреәлінің «Ұлы дала комедиясы» отандық прокатта үздік шықты. Атышулы әншінің тырнақалды туындысы, тіпті Том Хардидің «Веном» лентасының алдын орап кеткен. Ал, фильмнің алғашқы тапқан пайдасы қанша?

«Ұлы дала комедиясы» айналымдағы алғашқы аптада 101 млн теңгеден аса қаржымен көш бастады. Фильмде жұлдыз болудан жалыққан әнші, туған күнінде қарапайым күн кешуді тілейді. Қалауы орындалған Төреш, Талғат есімді кедей жігітке айналады. Енді ол, танымалдылығын қайтару үшін барын салмақ. Себебі Талғатқа, атағы асқақтаған кью-поп өкілдері бәсекелес.

Ал «Веном» өткен уик-эндте 61 млн теңгемен екінші сатыға жайғасты. АҚШ пен Қытай елі бірігіп таспалаған фантастикалық туындыда, Том Харди - басты кейіпкер. Фильм алғашында «Өрмекші адам-3» лентасының спин-оффы болуы қажет еді. Алайда Sony мен Marvel компаниялары бірігіп, зұлым кейіпкерге арнап жеке картина таспалауды жөн көрген.

Үшінші орында 35 млн теңгеге жуық қаржымен, үрейлі оқиғаға толы америкалық «Хэллоуин» фильмі тұр. Туынды, алғаш 1978 жылы жарық көрген түпнұсқаның жалғасы. Хоррор жанрындағы триллерде, әйгілі кісі өлтіруші Майкл Майерс қанды жолына қайта оралмақ. Зұлым күшке ие Майклдың бар мақсаты - адамдарға қиянат жасау. Продюсер Джон Карпентердің айтуы бойынша бұл лента - франшизаның соңғысы болмақ