Атың өшкір кредит! «Опмай-опмай» орындаушыларының кезекті әні, әріптестеріне неге жақпай қалды?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Опмай-опмай» жарыққа шыққалы, «Азия» мен «Бақайдың» шығармашылығы қайта жанданғанды. Бірақ, екі топтың кезекті тандемі олар ойлағандай табысты бола қоймас. Бұл әріптестерінің пікірі! Отандық шоу-бизнес өкілдері, қос ұжымның келесі қадамын шалыс басқанын байқаған.

«Опмай-опмай» орындаушыларының кезекті клипі бұл. Бейнебаянда кредиттен шаршап, шашы ағарған клиент те, несиесін жабу жолында Қытайдың ала дорбасын арқалаған азаматтар да бар. Қоғамды қарызға батырған мәселені желеу еткен жігіттер, жаңа ән арқылы той-томалақтағы сұранысты да арттыруды көздеген секілді.

«Азия» & «Бақай:

- «Опмайдан» ырғақтырақ болады бұл ән. Ең қызығы одан да көңілдірек, одан да ырғақтырақ, одан күлкілі болады деп ойлмаймын.

«Опмайдың» ізін суытпай, «темірді қызған кезде соғуды» құп көрген әншілердің әрекетін әріптестері әбестікке балап отыр.

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

- Ауқатты бір той-томалаққа барып, «Атың өшкір кредит» деп тұрсаң, не айтып тұрсың деп қуып шығуы да мүмкін. Сол себепті ол белгілі бір ортаға арналған ән болатын секілді меніңше. Тыңдадым мен. Ол әнді білемін.

Бүгінгі жұрттың жай-күйін ән арқылы дөп басқан бойзбендтерге, шоу-бизнестің өзге өкілдері разылығын білдіргенімен, олар көтерген мәселенің толықтай шешілеріне сенімді емес.

Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:

- Адамның жанына жара болып жүрген тақырыпты қозғап, ой сала білсе – онда олардың жетістіктері, көздеген мақсаттары! Бірақ дегенмен де, әнмен немесе сіз бен біз болып қоғамды өзгерте алмаймыз. Болып жатқан нәрселердің ағымын, бағытын біз өзгерге алмаймыз.

«Азия» & «Бақай:

- Біз ең бастысы өзекті мәселелерді қозғауымыз керек шығар. Әркімнің бойында, ойында бар проблемаларды әйтеуір әзілмен астарлап жеткізсең сол қызығырық сияқты.

«Азия» мен «Бақайлықтар» шығармашылық тандемін трилогиямен түйіндемекке бекініпті. Қос топтың әншілері талқыға салар кезекті әрі өзекті тақырыпты әзірге құпия ұстауды жөн көріп отыр.