Музыкалық продюсер мәртебесін кім лайық? Алтынбек Рахметов пен Сәкен Майғазиев өзара батл ұйымдастырды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Танымалдар арасындағы тартыстар легі мұнымен шектелмейді. Кезекті пікірталастың басты кейіпкерлері – Алтынбек Рахметов пен Сәкен Майғазиев. Алғашқысы өзін «музыкалық продюсер» мәртебесіне лайық деп таныса, екінші тарап аталмыш атаққа арнайы білімнің қажеттілігін алға тартады.

Отандық шоу-бизнесте талай таланттың жұлдызын жағып, олардың танылуына жәрдемін тигізген жетекші көп, бірақ музыкалық продюсерлер санаулы. Тіпті бұл мәртебені әркім өзінше пайымдап жүр.

Жан Мұқанов, продюсер:

- Мәскеудің Мемлекеттік басқару институтын бітірдім. «Музыкалық индустрияның менеджменті» мамандығы. Мен негізі музыкалық продюсермін.

Алтынбек Рахметов, продюсер:

- Иә, мен өзімді музыкалық продюсер деп санаймын. Өйткені музыкадан хабарым бар.

Бірақ музыкадан тек хабары болу аздық ететін секілді. Таяуда докторлық диссертациясын қорғауға әзірленіп жүрген Сәкен Майғазиев, бұл атақтың анықтамасын айшықтап берді.

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:

- Музыкалық продюсер – музыкалық білім бар, өзінің аталмыш жобасына, тауарына деп айтайықшы. Соған дұрыс бағыт беретін адам.

Музыкалық продюсерге жүктелген жұмыстардың легі мұнымен шектелмейді. Ол студиядағы әр әннің жазылу процесін бақылап, жеті нотаны жетік меңгеріп, вокалдан да хабардар болуы керек екен. Мұндай талаптарға Рахметовтың шыдамы жетпейтін секілді.

Алтынбек Рахметов, продюсер:

- Мен студияда әншімен бірге жұмыс істей алмаймын. Әншімен ән жазған кезде мен танымал музыкалық ұстаздарды шақырамын. Ол Бағым Мұхитденова болсын, Диана Шарапова болсын, Маржан Арапбаева болсын. Солардың көмегіне жүгінемін. Олар келіп студияда қалай айту керек екенін, әнге қандай мінез беру керектігін олар бақылып, жазып шығады.

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:

- Бір өзім қатты құрметтейтін продюсерлердің бірі – Алуа Қонарова. Оның топтары шыны керек тойларда да ән шырқай бермейді.

Қонарова - консерваторияның түлегі. Сондай-ақ, сауатты музыкалық продюсерлер тізімінде Бағым Мұхитденова мен Ринат Гайсин сынды танымал тұлғалар да бар.