Тәуекел Мүсілім Қырғызстан трендінде! Актер атышулы «Аяш» картинасына түспек.

Сообщить о проблеме с эфиром

Аяш – Қырғызстандық кинонарықтың ең кассалық комедиясы. Жалпы, бокс офисі – миллиардқа жетіп жығылады. Бізде «Родной» атауымен ремейкі таспаланған болатын.

Тәуекел Мүсілім Қырғызстандық талай туындыда бой көрсетті. Бұл жолы сол Аяштың сиквеліне түсуге шақырту алған.

Тәуекел Мүсілім, актер

- Қырғызстан елімен бірге бірлесіп, эпизодтық рөлге ұсыныс алдым. «Аяш 3» деген комедияға түсемін. Осы кезге дейін 2 бөлімі шығып, үлкен касса жинаған еді. Соның 3-ші кезегі, маған осы маусымнан 1 рөл бұйырды.

2020 жылы «Шекер» веб-драмасынан соң жұлдызы жанған Азат Жұмаділ де Тәуекел Мүсілімнен қалысар емес. Себебі, актер детектив жанрындағы ауқымды лентаға арнайы шақырту алған. Айта кетейік, туынды Ресейде түсірілген.

Азат Жұмаділ, актер

- Желтоқсан айында Мәскеуде жарты жыл түсірілімде болып келдім. Бұйырса сол жоба жақында жарыққа шығуы тиіс. Соны күтудеміз.

- Осы кино туралы толығырақ айтып беріңізші. Кімді сомдайсыз?

- Фильм детектив. Адам өлтіру туралы. Өзім бала күтушіні ойнаймын деп айтайын.

- Ал бұл фильмге қалай ұсыныс алдыңыз?

- «Старт» деген продакшн кастингке шақырды, қайта-қайта дайындық жасап, ақырында бір рөлге ие болдым.

Мұхит асып, шетелдік алаңдарда бақ сынап жүрген актерлердің қатарын Махамбет Мырза толықтырды. Көрерменнің көз алдында ер жеткен әртістің айтуынша, ол Бразилияда таспаланған картинада басты рөлдердің бірінде төбе көрсетеді. Аталмыш туындыда балалар үйінде тәрбиеленген аяқ допшылардың өмірі баяндалады.

Махамбет Мырза, актер

- Бразилияға барып киноға түсіп келдік. Азат Жұмаділ екеуміз түстік. Фильм футбол туралы. Бұйырса күзде шығып қалу керек.

-Бразилиядағы киноға қалай ұсыныс алдың?

-Футбол ойнай алатынымның арқасында кастингке бардым. «Футбол ойнай аласың ба?» - деді, «иә» дедім. Актерлық қабілетімді көрсеттім. Болды, Бразилиядамын. Балалар үйіндегі өмір көрсетіледі. Балалар үйіндегі жігіттер Қазақстанда ұтып, футбол бойынша Бразилияға барады. Жетім баланы ойнаймын, тренерім Дулыға Ақмолда болды. Қалғанын кинодан көресіздер.

Әлем шарлап отандық киноның жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосып жүргендер бұнымен бітпейді. Мәселен, экс-«Рензолық» Дәулет Өзбеков те әншіліктен бөлек, актерлық мансабын шыңдап жүр. Қазақстанда емес, Иордания мемлекетінде!

Дәулет Өзбеков, әнші, актер

- Мен жақында ғана Иорданияға барып келдім. Осы Орталық Азияда қателеспесем, Арабия мемлекеті. Бақыт Қайырбеков режиссер ағамыздың «Скачущий в мирах» деген деректі-тарихи туындысы.

- Осы түскен фильм туралы айтып беріңізші. Кімді сомдайсыз, қалай ұсыныс түсті?

- Енді бұл «Скачущий в мирах» фильмі – деректі-тарихи фильм. Бұл О.Сүлейменов атамыздың «Аз и Я» кітабының екінші бөлімінің желісі бойынша түсірілді. Бұл кинода ең басты рөлде ойнаймын.

Биыл кинопрокат осындай ерекше туындылармен толықпақ! Жұлдыздардың бұл қадамына сәттілік серік болсын дейміз.