«Твои шаги», «Никому тебя я не отдам», «Нелюбимые» Аталмыш хиттерді білмейтін жан бүгінде кемде кем шығар. Бүкіл ғұмырын өнеріне арнаған ерекше талант иесі Еркеш Шакеев, 40 жылдық мерейтойын тыңдарманымен бірге атап өтті. Музыкант концертте көптің жүрегінен орын алған әндерді шырқап, жанкүйерлерін ностальгияға бөледі.
– Қай әні ерекше ұнайды?
– Классикаға айналған «Нелюбимое», «Твои шаги».
– Маған оның көп әні ұнайды. Әсіресе «Душа» және «Твои шаги» туындыларын ерекше жақсы көремін.
Әнші тек танымал туындыларын орындап қана қойған жоқ. Ол кеш барысында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сынды ұлы тұлғаларымыздың өлеңіне жазылған әндерінің тұсауын кесті.
– Қай әні сізге ерекше ұнайды Еркеш Шакеевтің?
– Барлық әндерін. Әсіресе Алашордалықтарға арнағандары өте ерекше шығыпты. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтың өлеңдеріне жазылған туындылары жүрегіме жетті.
Еркеш Шакеев трэк-листтегі 20-дан астам туындының барлығын жанды дауыста орындады. Алайда репертуарында мыңға жуық әні бар композитордың фанаттары, бұны аздық еткен сыңайлы.
– Сүйікті әнімді бүгін естіген жоқпын. Оны кезінде Батырхан Шукенов айтқан. «Три дня назад мы были так близки...»
Өкінішке қарай, өнер иесі бізбен сұқбаттаса алмады. Оған өзіндік себептер де бар болып шықты.
– Білуімізше, концертке дейін Еркеш Шакеев ешкіммен сөйлеспейді екен. Сол рас па? Не үшін? Қобалжи ма?
Аян Амангельдинов, дирижер:
– Негізі мәселе қобалжығанда емес. Біздің вокалистердің организмі өте қиын. Сондықтан концерттің алдында, таңертеннен сағат 16:00-ге дейін ол кісі ешкіммен сөйлеспейді. Сыбырлап сөйлейді. Сөйтіп өзінің дауысын сақтайды.
Еркеш Шакеев өзіне тән ерекше дауысымен, лирикалық туындыларындағы мәні терең мәтіндерімен халықтың жүрегіне жол тапқан артист! Бүгінде музыкантты сүйіп тыңдайтын жанкүйерлердің саны көбеймесе, азаймақ емес.
Музыка кеңістігінде өзіндік стилі бар Еркеш Шакеев бұл концертпен шектелмек емес. Шабыты тасыған композитор тыңдарманыммен бөлісер туындым жетіп артылады дейді. Ендеше сахна майталманына, тезірек жоспарыңыз орындалсын дейміз.
– Концерт өте күшті. Мен үлкен фанатымын. Анам, әпкем барлығы дән риза!
– Өте керемет концерт болды. Енді 2-бөлімде бәріміз қосылып, әндерін айттық. Бәріміздің есімізде жас кезімізде айтқан әндері. Енді бүгін Еркешті толықтай музыкант, композитор ретінде таныдым.
– Ғажап. Өте керемет сезімде тұрмын. Бұндай концерттер көп болсын!
– Ол шығармаларын өзі жазады, өзі орындайды. Ондай муызканттар бізде өте аз. Көп емес, бар.