2016 жылы «Бір сен үшін» фильмі арқылы кинопродюсерлікке қадам басқан Азамат Сатыбалды араға 10 жыл үзіліс салып, көрерменін жаңа туындымен қайта қуантты. «Мама» - отбасылық құндылықтар мен ананың ішкі жан дүниесін суреттейтін драма.
Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бұл тек ана туралы кино емес. Ананың төңірегіндегі әлем туралы. Әлем бір ананың құрсағының ішінде сияқты көрініп тұрады. Содан кейін үлкен проблемалар да, сатқындықтар да барлығы да сол осы ананың төңірегінде болады. Кино сол туралы.
Фильмнің желісі түрмеде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан Темір есімді кейіпкердің хикаясын баяндайды. Ал дәл осы кейіпкерді - Азамат Сатыбалды сомдайды. Шығармашылық ұжым арнайы қойылған талапқа сәйкес, каст тізіміне Дулыға Ақмолда, Рахилям Машурова, Асан Мәжит, Ғани Құлжанов сынды кәсіби актерлерді таңдаған.
Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Соңғы кинолардың барлығында 100 пайыз кәсіби актерлар ойнап жатыр. Бұл біз соған келдік деген сөз. Өйткені әркім өзінің орнында тұру керек. Киноның басында кәсіби мамандар тұрғаннан кейін, бізде талап болды кәсіби актерлар ойнау керек деген.
Жалғыз баласының қамын жеген жесір әйел, шарасыз ана бейнесі – актердің жары, Назгүл Қарабалинаға бұйырды. Айтпақшы, көрермен үшін эксклюзив, 25 жыл бірге жүрген жұлдыз жұп – Азамат мырза мен Назгүл ханым алғаш рет толықметрде кездесті.
Назгүл Қарабалина, кинопродюсер, актриса:
– Менің өмірімде бір қағида болып қалған дүние шығар, мен қашан да тек Азаматты ойлап тұрамын. Оның көңіл-күйі қалай, ашуланып тұр ма, соның барлығын ойлап тұрамын. Сол үшін де көп бір түсірілім алаңында кездеспеуге тырысамыз. Бірақ осы жолы бір-бірімізге көмектесіп бір жақсы процесс болды.
Азамат Сатыбалды 4 жыл бұрын дәл осы оқиғаны театрда сахналағысы келген екен. Фильмнің прокаты аяқталған соң спектакль ретінде қайта ұсынамыз дейді актер.
Назгүл Қарабалина, кинопродюсер
– Азамат әу-бастан осыны қойылым қылып жасауды айтып жүрген. Кейін жаңағы киносценарий басталды. Кеше ғана осыны айтып, «сендер менің айтқанымды елемей жүрсіңдер әлі, маған бұл фильмнің қойылымы керек» - деп, тағы да ескеріп айтты. Енді ол айтса, біз істейміз.
Филімнің түсірілімі Батыс Қазақстанда өтті. Бұл шаһарды таңдауымның себебін қаржы үнемдеу деп түсінетіндер көп» - дейді, актер. Алайда, шығармашылық топтың талабы бойынша, фильмнің көркемдігін ашуға Орал қаласы сәйкес болған. Ал лентада Азамат Сатыбалды кейіпкерінің жас кезін - Әлішер Исмайл сомдайды.
Әлішер Исмайл , актер
– Осыдан 4-5 жыл бұрын айтатынмын: «Мен, Азамат ағаны міндетті Азамат ағаның баласын не жас кезін ойнаймын!» - деп. Енді сол бүгін орындалды, бұйырып тұр. Соған қатты қуанып тұрмын.
Шығармашылық топ фильмнің саундтрегіне ән таңдау барысында көптеген ұсыныс түскенін айтады. Нәтижесінде команда «бірлесіп пішкен тон, келте болмайды» деп Ернар Амандыққа арнайы тапсырыспен ән жаздырған.
Ернар Амандық, музыкант
– Саундтрек жазу жауапкершілігі өте жоғары болды. Мен ол кісінің ойындағыдай шығара аламын ба, шығара алмаймын ба деген сияқты ойлар көп болды.
Айнұр Ілиясова, актриса
– Бүкіл кино бойы жылап шықтық. Параллельный монтаж, актерская игра
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер
– Қазақ киносына жақсы бір драма қосылды. Бұл фильмде барлығы әдемі.