Жабық кеңістік, шағын алаң, санаулы көрермен. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, кештің атмосферасы үлкен ареналардан кем түспейді. Өйткені, бүгін мұнда Абик Жексеннің өнерін тамашалауға, нағыз талғампаз тыңдарман жиналды.
Абик Жексен, музыкант:
– Бүгінгі кештің бағдарламасы әртүрлі әндерге өзіміздің ескі есті құлағымызда қалып кеткен жадымызда қалып қалған сондай әндерге толы. Одан бөлек авторлық әндер, әлемдік хиттер орындайтын боламыз.
Қазіргі таңда Абик шоу-бизнесте сұранысқа ие музыка әрлеуші. Айта кетейік, ол Димаш Құдайберген мен «МузАРТ» тобының туындыларына гитара партияларын жазып, жаңа дыбыстық реңк сыйлаған талантты музыкант.
Жарқынай Ханайым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Бүгін мен әншімін ән айтып бере аламын. Осынша сағат қаншама мықты әндерді айтып, бұл Абик деген, байқасаңыздар, ешқандай плюсовка қолданған жоқ, бэк-вокалдар да болған жоқ. Таза бэндпен, таза дауыс. Бүгін өзі кішкене ауырып қалса да, өте жоғары деңгейде өнер көрсетті және мен үшін ол үлгі.
Көпшілік оны алғашында тек Жұбаныш мырзаның ұлы ретінде таныды. Алайда, Әбілқайыр сахнаға әкесінің ықпалымен емес, кәсіби білімімен келген-ді. Абик АҚШ-тың беделді музыкалық оқу орнында білім алып, батыстың озық теориясын қазақ ұлттық колоритімен шебер үйлестіре білген маман.
– Жұбаныш ағаның ұлы болу шығармашылқта көмектесе ме әлде жауапкершілік пе?
Абик Жексен, музыкант:
– Әрине енді ондай адамның ұлы болған бірінші кезекте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Маған деген үйреткен дүниелері көп.
– Шығармашылығыңызға сыни көзбен қарай ма?
– Әрине сыни көзбен енді басында қарады. Қазір көмек сұрап қарайды, өзі көмек менен күтеді. Күтетіндей жағдайда.
Өнер иесінің шығармашылығына сенім білдіріп, қолдау көрсетуге келген жақындары мен әріптестері аз болмады. Солардың қатарында Ерден Жақсыбек те бар.
Ерден Жақсыбек, актер, әнші:
– Басқа мынау Солтүстік Шығыс жақта гострольде жүрсекте осы Абиктін концертіне бір күнге келіп кетуге ол менің міндетім. Қолдауымыз керек бір бірімізді. Сөйтіп біз еңді мына жастарға біздің қазақтың өнерін осылай иық тіресіп жаңағы көтермесек, музыкамызда сапалы болмай қалады.
Әке мен баланың өнерін бір сахнадан көруді аңсап келген халық, Жұбаныш Жексенұлын көре алмады. Жұбаныш мырзаның келе алмау себебін ұлы былай түсіндірді.
Абик Жексен, музыкант:
– Үшінші қонағымыз өкінішке қарай келе алмай қалды. Менің әкем болуы керек болған. Ол кісі енді белгілі себептерге байланысты бүгінгі бүгінгі кеште бола алмайтынын айтты. Дегенмен оның жоқтығын білдірмей біз мүмкін оның да әнін орындап қалармыз бүгін бірге барлығымыз.
Абик Жексен сырқаттанып қалғанына қарамастан жоғары деңгейде өнер көрсетті. 2 сағатқа созылған концерт барысында 30-дан астам ән шырқалды. Осылайша, жанды дауыс пен аспаптық әуеннің мінсіз аккордымен өрілген кеш жоғары нотада аяқталды.
– Жалпы бүгінгі кеш қалай өтті? Өкінген жоқсыз ба келгеніңізге?
Сейфуллин Жолбарыс, әнші:
– Бала кезінен бастап келе жатқанын білем да, бірақ бүгінгі деңгейін көріп таң қалып отырмын. «Бәрекелді!» деп айтқым келеді. Дайын әртіс қой, Құдай қаласа, Қазақстанда үлкен әртіс — Әбілқайыр Жексен деген.
Екатерина Жолбарыс, С. Жолбарыстың жары:
– Абик өте кәсіби, жоғары деңгейдегі музыкант, орындаушы әрі автор. Сондықтан да еш күмәнім жоқ, оның алдында үлкен, жарқын болашақтың күтіп тұрғанына.
Автор: А. Сауытбек