Жігер Ауыпбаев құзырлы органдардың назарына ілікті!
Жігер Ауыпбаев құзырлы органдардың назарына ілікті. Себеп – жақында жарық көрген бейнебаяны. Қылмыс әлемінің серкелері жайлы клип түсірген әншіге рэкеттерді дәріптеді деген айып тағылуы мүмкін...
Жігер Ауыпбаев, әнші:
– «Көкжалдар рухы» әніне түсірілген бейнебаянға байланысты сұрақ-жауаппен құзырлы органдарда хабарласып, оларда 2-3 сағаттай сұрақ-жауап алып деген сияқты, қандай мақсатпен шықты, одан кейін бейнебаянды өшіргізіп тастауы да мүмкін. Оны білмеймін, қалай болатынын. Сол енді артын көреміз не болатынын...
Резонанс тудырған бұл туынды 5 жыл бұрын жарық көрген екен. Ауыпбаевтың әнді осынша уақыт сандықта сақтауы бекер емес. «Тыңдарман айтпақ ойымды дұрыс түсінбей қала ма,» деп уайымдадым дейді.
Жігер Ауыпбаев, әнші:
– Енді 90-шы жылдар дегенде ол кез мүлдем бөлек заман. Қазіргінің батырлары – қазір білімнің заманы. Оның бәрін білеміз. Бірақ, сол кездегі рух болу керек айналып келгенде. Рух болса деп армандайсың бәрібір. Бұны тыңдаған жастар 90 - жылдар сияқты бір атой салып, көшеге шығып кетпейді ғой. Бірақ рухтанады да..
Мақсатым – атой салуға дәріптеу емес, жастардың рухын ояту, жігерлендіру дейді әнші. Сондықтан жасырын астар іздеуді доғарса деген тілегін жеткізді.
Жігер Ауыпбаев, әнші:
– Түрлі адамдар хабарласып жатыр, әлі де хабарласып жатыр. Спортта жүргендер де, басқа да өзіміздің достар, ағалардан болсын, ауыл-аймақтан, қанжай жақтар бар, көршілес мемлекеттерден де хабарласып, көздеріне жас алғанын жеткізді. «Өне бойым шымырлап кетті, рухымды қайрап алдым!» деген сияқты, сондай жылы лебіздерін айтып жатқандар бар. «Байқашы бауырым, байқашы досым, арт жағы қиын боп кетпесін!» дегендер де бар. Бірақ енді бұл жерде артық ешнәрсе айтылып жатқан жоқ деп ойлаймын.
Бейнебаянда Сары Алмазды – Ғабит Әбілдаев, Баха Фестивалды – Рүстем Жаныаманов сомдайды. Ал Сабыр Мүсілімнің бейнесін жаңғырту ұлы – Тәуекел Мүсілімге бұйырған.
Тәуекел Мүсілім, актер:
– Осы жағы ауыр болды маған. Себебі, мен ол кісімен көп уақыт өткізген жоқпын. Ең көп өткізген уақытым 3 ай, жазғы демалыс кезінде ғана. Сол себепті ол кісіні жақсы танып үлгердім дей алмаймын. Бірақ бейнетаспаларына қарап, әйтеуір кішігірім жеткізуге тырыстық.
Актер мұндай бейнебаянның еш зияны жоқ. Керісінше мұндай туындылар өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелейді дейді.
Тәуекел Мүсілім, актер:
– Әкем – ұлтжанды болған. Ұлтын, елін, жерін сүйген. Әрдайым «қазақ, қазақ!» деп айтатын, Өте көреген кісі болды.
Бейнебаянның Ютуб хостингіндегі қаралымы – 186 мың. Жігер бір аптаға жетер-жетпес уақыт бұрын жүктелген клипті өшіріп тастай ма деп алаңдаулы.
Жігер Ауыпбаев, әнші:
– Бейнебаянды өшір десе, білмеймін енді. Ол жерде бір өшіретіндей көріп тұрған жоқпын негізінде. Мысалы, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек батырларымыз жайлы рухты әндер айтылатын болса, ол кезде ешкім енді қолына қылыш алып, садақ алып шығып кетпейді ғой. Ол жерде рухтанасың болды.
Авторы: Д. Қыдырбек