«Баян Мақсатқызының идеясы»: Бағым Мұхитденова 30 жылдан соң алғашқы ән кешін өткізді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Гүлдана Мұқан, тілші:

Шоу-бизнестегі талай жұлдыздың бағын жаққан Бағым Мұхитденованың 30 жылдағы алғашқы концерті! Жанар Дуғалова, Ерке Есмахан, «КешYOU» және тағы басқа «B.M» таланттары ұстаздарының кешінде. Музыкалық продюсер өзінің 50 жасында дәл бүгін атап өтпек!

 

Баян Алагөзованың әр сәтті жобасының артында туған сіңілі - Бағым Мұхитденова тұрады. Ол- музыкалық продюсер, әнші әрі композитор. 30 жылдан астам уақыт кадрдан тыс қызмет еткен, өз мамандығының нағыз жанкүйері.

Бағым Мұхитденова, әнші, музыкалық продюсер:

Бұл кеш кімнің идеясы болды?

Бұл Баян Мақсатқызының идеясы. Мен негізі мүлдем қаламадым. Тіпті ойымда да болған жоқ. Себебі, осы уақытқа дейін тыңдарманым бар екенін де білмеппін. Бірақ бүгін әндерімді келген тыңдарман қосыла шырқаған кезде, таңқалдым.

 

Бағым Мұхитденова шығармашылығындағы алғашқы ән кешіне 1 ай дайындалған-ды. Ауқымды декорация, әдемі визуалды эффект, сондай-ақ, сахнада құрылған подкаст форматы – келген меймандарды ерекше атмосфераға бөледі. Ал өнер иесімен сұқбаттасқан Динара Сәтжан.

Динара Сәтжан, тележүргізуші:

Бағым ханымның репертуарындағы сіз жақсы көретін ән?

«Ғашық жүрек». Менің ойымша 50 жыл керемет дата. Орысша айтқанда «Чтобы подвести итоги пройденого пути».

Бағым Мұхитденова, әнші, музыкалық продюсер:

Қателеспесем биыл мерейтойыңыз. Бүгінгі кеш сол айтулы датаға арналды ма?

Иә, жақында менің мерейтойым. Бірақ мен оны атап өтпеймін, себебі әкем мен күйеуімнің дүниеден өткеніне ұзақ уақыт болмады. Әпкем Баян: «50 жасыңды ең болмаса авторлық кешпен атап өт»- деп көндірді.

 

Еске салсақ, Бағым Мұхитденованың жұбайы Әділжан Юсупов осы жылдың ақпан айында дүниеден озды. Шоу-бизнесте талай әртіспен жұмыс істеген марқұм продюсердің ең соңғы жобасы - «Hulan Aru» лақап атымен танымал Аружан Бекболат болған екен.

Аружан Бекболат, әнші, «Қазақ аруы 2022»:

Әділжан аға дүниеден өтті. Бағым Мақсатқызы «Аружан мен бармын, және сені тастамаймын, бірге жұмыс істейміз»,-деп айтқан болатын.

Бұл ән кәдімгідей хит болып кетті. Бірақ бір қызығы бұл ән о бастан «КешYOU» тобына тиесілі деп жатыр?

Мен келген кезде Бағым Мақсатқызы «КешYOU тобына жазылған әнді, жүрегімнен жұлып саған беремін» -деді.

Бағым Мұхитденованың авторлық кешінде барлық шәкірттері бас қосты. «КешYOU»-дің алғашқы құрамынан бастап, ең соңғы ұжымға дейін таңдаулы әндерді шарқады. Сондай-ақ, Ерке Есмахан, Жанар Дуғалова, Мөлдір Әуелбекова, Жарқынай Ханайым сахнаға соло шықса, Бағымның өзі жас әншілермен коллаборация орнатты.

 

Бағымның концертінің демеушісі – жездесі Тұрсен Алагөзов, яғни Баян Мақсатқызының бизнесмен жұбайы. Бір қызығы, Бағым Мұхитденова 30 жылда гонорар үшін өнер көрсеткен емеспін дейді. Тіпті артист өнерін дамыту үшін музыкалық продюсерліктен тапқан қаржысын салатын болған.

Бағым Мұхитденова, әнші, музыкалық продюсер:

Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін гонорар алып өнер көрсетпеппін. Ешқашан атақ үшін немесе табыс үшін өнермен айналыспағанмын. Ән айту менің жанымның қалауы.

Сахнада неше рет жыладыңыз?

Екі рет, тіпті үш рет жыладым. Әрине, марқұм әкем мен күйеуіме ән арнаған сәтте және залда отырған анамның көз жасын көрген өз өзімді ұстай алмай қалдым.