Баян Алагөзова «Алтын ханым» 2026 жобасына кастинг жариялап, тағдырдың сынағына төтеп берген қайсар әйелдерді өз оқиғасымен бөлісуге шақырды. «Хикаям өзгеге демеу болсын!» деген ханымдар аз емес екенін көз көрді. Іріктеуге мыңнан астам үміткерлер қатысып, бақ сынады.
Баян Мақсатқызы бұл жобаны бір жыл бұрын бастаған. «Мақсатым тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, өмірдің ауыр сынағына тап болған әйелдерге демеу болу»,- дейді продюсер. Біздің қатысушылардың бастан кешіргенін естіген нәзік жандылар, бар қиындықты жеңуге күш табатынына сенемін деп түйіндеді сөзін.
Баян Алагөзова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, продюсер:
– Мұнда келген әр әйелдің тағдыр жолы азапты. Олардың әңгімесін тыңдаған соң, көзге еріксіз жас келеді. Бұл әлі өмірдің ащы-тұщысын көрмеген аруларды қабылдайтын қазақ ару емес. Бұл әлеуметтік жоба. Мені жыл сайын еститін статистикалар таңғалдырады. Ажырасудың көптігі, әйелдерге қол көтерудің азаймағаны аянышты.
– Біз енді Алтын ханым байқауын көрдік. Ережесімен қанықпыз. Биыл қандай да бір ерекшеліктер бола ма?
Баян Алагөзова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, продюсер:
– Бұл байқауды біз тыңғылықты дайындадық. Бастысы әйелдерге бар сынақтан сынбай өткен жандарды көрсету. Көрермендер біздің қатысушыларға қарап күш жинауы үшін, шабыттануы үшін. Бір сәтке ойланып көріңіздерші, қаншама әйел түнде жастықты құшақтап жылайды. Себебі, тығырықтан шығар жол барына сенбейді. Ал біз үміт оты бар екенін көрсетеміз.
Үміткерлердің бірі Оралдық Мөлдір Жұмашева. Бүгінде оншақты адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Отбасының ұйытқысы, 3 баланың анасы әйелдерге еш қиындыққа мойымау керектігін айтқым келеді дейді.
Мөлдір Жұмашева, жоба қатысушысы:
– Мен сол айтқаным кішкентай кезімнен бастап, ата-анам айырылысып кеткеннен кейін анама көмектесу үшін 12 жасымнан бастап жұмыс жасадым. Гүл саттым, автобуста бақылаушы болдым ол уақытта кондуктор болды ғой кішкентай кезімде, кондуктор да болдым, магазинде сатушы да болдым, неше түрлі жұмысты жасадым. Соның арқасында наверно еңбекқор осы қасиеттерімнің көбі осылай ашылып жатқаны.
Ал финалисттер тізіміне іліккен Қаспаева Айгерім болса көрерменді өнерімен баурап алуға ниетті. Көпбалалы ана 4 балам мақтана алатындай тұлға болғым келеді дейді. Сондықтан да осы байқауға келіп бақ сынауға бекінген.
Айгерім Қаспаева, жоба қатысушысы:
– Бұл менің мен Ақтөбеде «Миссис Ақтөбе 2017» атанғанмын. Содан кейін 2018 жылы мен армандар картасын жасаған кезде Миссис Қазақстан деп өзіме мақсат қойғанмын. Сол мақсатыммен жәймендеп одан кейін 4-ші баламды босандым. Одан кейін уақыт болмады. Қазіргі таңда сәті келіп тұр деп ойлаймын. Сол «Алтын ханым» менің ойымша Миссис Қазақстанға сай келеді.
Түрлі тағдыр иесі. әр қатысушы еңсерген қиындығы мен жеткен жетістігімен бөлісіп, жеңіске үмітті. Алайда тәж - біреу. Ал оны кімнің иемденетінін жақында білеміз