Eurasian Fashion Week-тің 11-маусымы өз мәресіне жетті! Бірінші күні әлемнің түкпір-түкпірінен келген дизайнерлердің тың туындылары ұсынылса, «бүгін сән сүйер қауымды одан да ерекше тосын сый күтіп тұр» дейді, жобаның бас продюсері Ирина Байжанова.
Ирина Байжанова, EFW бас продюсері:
– Сіздер талантты дизайнер Rebirth-дің топтамасын көресіздер. Міне мен де оның туындысын киіп алдым. Одан кейін Lo Zarata сынды дебютанттар мен әр жылы коллекциясын ұсынатын Nurasem бренді де болады. Ал көрсетілімді жас сәнгерлер жабады. Бүгінгі күн ғажайыпқа толы болайын деп тұр.
Фэшн-уиктің екінші күні этно дизайнерлердің топтамаларымен көркемделді. Сәнгерлер этно стильдегі күнделікті аутфиттардан бастап уэддинг дэйге дейінгі туындыларды ұсынды.
Бұл күні подиумда кәсіби модельдерден бөлек, танымал блогерлер де бой көрсетті. Желі жұлдызы Ақерке Серікжан «Innes» брендінің қазақ көйлегін киіп шықты. Бұл оның фэшн-шоудағы дебюті. Eurasian Fashion Week Ақеркеге өзге де сән алаңдарының есігін ашып берді десек артық болмас.
Ақерке Серікжан, блогер:
– Осы жазда Бішкек қаласында, Қырғызстан мемлекетінде халықаралық дебютімді алам деп ойлаймын. Ойлаймын дегенде дайындалып жатырмыз сол нәрсеге. Онда да шараны салтанатты ашамын.
Ал фэшн-шоудың жарық жұлдызы Айдай Исаева болды. Өнер иесінің бұл салада жүргеніне 20 жылдан асқан. «Сол үшін де қобалжу сезімін баяғыда ұмытқанмын» дейді, Айдай ханым.
Айдай Исаева, тележүргізуші, модель:
– Негізі өзімнен сұрады. «Алғашқы боп шығасың ба, жоқ соңғы боп шығасың ба?» - деп. Мен қазір 37-темін. 17 жастан бастап подиумда жүріп келемін. Мен үшін алдында жүру, ортасында жүру, соңында жүру ешқандай айырмашылық жоқ.
Тәжірибелі модельдің дизайнерлерге қояр талаптары да жоқ емес. Оның бірі:
Айдай Исаева, тележүргізуші, модель:
– Ең бастысы мен айтамын ашық болмаса болды. Кеудем ашық болмаса болды тым. Мені негізі көптеген көрермендер біледі ғой ашық киінбеймін. Білмеймін өзімнің жасыма байланысты ма кішкене дөрекі сияқты көрінеді.
Қай фэшн-шараны алып қарасақ та, бүгінде подиумда модельдер қатар блогерлер де өнер көрсетеді. Бір қызығы, көрсетілімге дейінгі жұмыс процесінде бет әрлеушілер мен хэйр-стиилистер желі жұлдыздарының ыңғайына көбірек болысады екен.
Ақерке Серікжан, блогер:
– Бүгін мысалы жинап шықты осылай. Ал кейбір модельдерге көңіл бөліп жатқан жоқ. Қалай болса солай жинап. Бір жағынан өзімнің блогер болғаныма да қуанып қалдым.
Айдай Исаева, тележүргізуші, модель:
– Логикалық түрде қарасақ та дизайнерлерге де тиімді. Блогерлерге де тиімді. Демек көп қаралым болады және брендке де көп жаңағыдай клиенттер келеді деп айтайықшы иә. Блогерлердің заманы келеді дегенде біз әлі сенбейтінбіз. Шынымен де солардың заманы.
Бұл кеш тек подиум жұлдыздарымен ғана емес, танымал қонақтармен де ерекшеленді.
Жанель Мақажан, актриса:
– Бүгін мен Малика Усупова құрбымның показына келіп отырмын. Енді оның туындылары үнемі әдемі. Сондықтан тек әдемілікті, тек жарқын сондай көріністі көрем деп отырмын.
Eurasian Fashion Week жас таланттарға мүмкіндік беретін бірден бір жоба. Биыл өз топтамаларын ұсынған дизайнерлердің арасында, былтыр ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы да болды.
Қаламқас Сағындық, дизайнер:
– Менің жасым 17-де «EREN» деген брендпен бүгін бірінші рет дебют жасадым. Менің брендім әйел адамдарға арналған бренд. Азия мен түркі халқынан ұлттық киімдеріне шабыт алынған коллекция.
Биылғы фэшн-уикте сәнгерлер өз топтамаларын «мұра» тақырыбы аясында ұсынды. Eurasian Fashion Week-тің басты мақсаты ұлттық кодымызды сақтай отырып, коллекцияларды заманауи сәнмен үйлестіру.
Автор: Ш. Құсаинова