«Бала дауысы» байқауының үздіктері іріктелді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Жыл сайын жас таланттарды Республикаға танытатын «Бала дауысы» байқауының аймақтық іріктеуі аяқталды. Жүзден жүйрік шыққан жас өрендер, бүгін «жұлдызды үйге» жайғасты. Ал, олардың тәлімгерлері ретінде, отандық шоу-бизнестің кіл мықтылары таңдалған.

Биыл «Бала дауысы» ұлттық байқауына іріктеу онлайн-форматта жүргізілді. Алғашқы тыңдалымнан сүрінбей өткен 19 өрен, өзара шын мықтыны анықтайды. Бүгін «жұлдызды үйге» ат басын бұрған қатысушылар, финалға дейін тәжірибелі әртістерден дәріс алып, шеберліктерін шыңдайтын болады.

Айқын Төлепберген, әнші:

-Конкурсқа қатысудың пайдасы адамның шыңдалуы. Әнші ретінде үйренетін нәрселер көп. Конкурсқа қатысқанда сен көп нәрсені үйренесің. Басқа әншілерді көресің.

Байқау талаптары осы жылы өзгерген. Алғашқы айналымда жас конкурстанттар балаларға арналған әндерді орындаса, екінші турда қазақ композиторларының жауһарларын шырқайды, үшінші кезеңде әлемдік хиттерді әуелетуі тиіс. Оларға бағыт-бағдар беретін қос тәлімгер - Фарида Ниязова мен Әсет Арыстанбек.

Әсет Арыстанбек, әнші:

-Үшінші жылы мені осы жобаның музыкалық продюсері боласың ба дегенде, әрине неге болмасқа? Қазір кішкентай талантты, дарынды балаларға әншілік өмірдегі тәжірибемді үйретіп жатырмын.

Ақтық сында ән салатын ұл-қыздардың өмірде достықтары жарасқанымен, олар байқауда бәсекелес екендерін жақсы біледі.

Назерке Еркебаева, қатысушы (Атырау облысы):

-Менің басқаларға қарағанда ерекшелігім өзіме-өзімнің сенімділігім. Және де дауысым нәзік сонымен ерекшеленемін деп ойлаймын.

Мәулен Ахметқалиев, қатысушы (ШҚО):

-Мен классикалық әндерді жақсы көремін. Жалпы классикалық әндерді айтқан менде жақсы шығады.

«Бала дауысы» республикалық байқауының гранд-финалы, желтоқсан айының 8-күні өтеді. Жеңімпаздар халықтың дауыс беруі арқылы анықталады екен. Ал, бас жүлдені еншілген өнерпаз Парижге жолдама алмақ.