Біз білмейтін Батырхан! Отандық музыканттар Шүкенов жайлы тың деректердің шетін шығарды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ музыкасының Батыры осымен төртінші жыл ортамызда жоқ. Бірақ Шүкенов шығармашылығына деген құрметтің құны төмендемек емес. Әйгілі музыканттың туған күніне орай бас қосқан отандық жұлдыздар, Алматыда еске алу кешін өткізді.

Бұл кешке келген өнерпаздар, Батырдың әр әнін орындауға құштар. Әйгілі музыкантты еске алған отандық әртістердің басым бөлігі, кезінде Шүкеновпен шығармашылық байланыс орнатқан. Сондықтан болар, бақилық болған әнші жайлы айтылар әңгімелер де көп.

Нұргүл Нұғыманова, әнші:

- Жас әртістер қасына келген кезде: «Ой, Батыр аға» - деп қалады. Мен «Батыр жаным, келе ғой» - деп қалжыңдайтынмын. Ол мені апашка дейтін. Сөйтіп екеуміз қалжыңдасатынбыз. Иә, әзілдеріміз болатын. Ол менің апашка, мен ағашка дейтінбіз.

Батырдың музыка әлемінде кәсібилігінен бөлек, адамгершілігі бір төбе дейді көзін көргендер. ТМД-ға танылған талант, қарапайымдылық қасиетінен танбаған. Мәселен, Марсель үшін – Шүкенов үлгі тұтар тұлғалардың бірегейі. Тіпті талғамы биік тыңдарман, қос әншінің дауыс ұқсастығын жиі байқайды екен.

Марсель, әнші:

- Біздің орындау мәнеріміз бөлек болғанымен, бірақ дауысымыздың бояу қатты ұқсайды деп айтады көпшілік. Менің ғана емес, Сырымтай Еңсеповтың, Айқынның да тембрі Батырхан ағамызға келеді. Біз бала кезден «А-студионы» тыңдап өскеннен кейін, аңыз адамдарға ұқсатса – біз үшін үлкен мәртебе!

Батырдың әндері өміршеңдігін жойған емес. Тіпті, Шүкенов шығармашылығын насихаттау жолында, арнайы қор да қызмет етуде. Әйгілі музыканттың атындағы ұжым жақын күндері жаңа жобаны жүзеге асырмақшы екен.

Олжас Байқанов, Б. Шүкеновтың досы:

- Шүкенов атындағы қордың жоспары көп. Таяуда Батырханның бірнеше альбомдарынан құралған антологияны жарыққа шығаруды көздеп отыр. Бұл топтамаға әлі ешкімнің қолына тиіп үлгермеген жаңа үнтаспасы да кіреді.