Элтон Джон туралы картинаның тұсауы кесілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Канн фестивалінде Элтон Джон туралы картинаның тұсауы кесілді! Алайда, кеште басты назарда майталман музыкант емес, кинода оның образын сомдаған Тэрон Эджертон болды. Жас актер, қызыл кілемде тізерлеп тұрып, музыкаттың шешіліп кеткен бауын байлауға кіріскен көрінеді.

Белла Хадид, Ева Лонгория, Изабель Гулар. «Рокетменнің» премьерасында голивудтың тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Жұлдызды қонақтардың ізін ала, сэр Элтон Джонның өзі де, картина киногерлерімен бірге қызыл кілемде көрінді.

Ұжымның арнайы жолақта тізіле тұра қалғаны сол-ақ еді, Тэрон Эджертонның Элтонның аяғына бас июі көпті таңқалтты. Сөйтсек, актер музыканттың шешіліп кеткен бәтеңкесінің бауын байлауға кірісіпті.

Ел алдында бір-біріне деген ықыласын білдіріп біткен соң, киногерлер қауымы «Рокетменды» елмен бірге тамашалауға асықты. Көптен күткен премьера Элтон Джон мен Тэрон Эджертонның әсерлі әнінен басталды.

Элтон Джонның өмірінен сырт шертетін бұл байопик – арманы адастырмай, жетістікке жеткен майталман музыканттың қиын да қызыққа толы жолын баяндайды.

Элтон Джон, музыкант:

- Жетпіс екі жасымда Канның қадірлі қонағы атанамын деп еш ойламадым. Мен жайлы кино түсіріліп, осында тұсауы кесіледі дегенде қатты толқыдым. Тіпті, жылап та алдым.

Жарық көрген жаңа картина «Богемдық рапсодияның» өзін басып озады деп, топшылайды көпшілік. Ондағы әуезді орындаулар тіпті, Элтонды да таңырқатқан көрінеді.

Элтон Джон, музыкант:

- Тэронның ән айтқанын естігенде, қатты таңқалдым! Өте керемет орындау. Фильмдегі бүкіл әнді мен емес, Тэронның өзі шырқағанын көпшілік білсе деймін.

Алайда, дәл осылай жылы лебізін жаудырған музыкант, картинаның журналистер алдындағы таныстырылымында төбе көрсетпеді. Соған қарағанда, Джон мырза фильмде ашық көрсетілген, жеке өміріне қатысты сұрақтардан қашқақтаған сыңайлы.