Танымал түрік сериалдарының саундтректерін жазған Тойгар Ышыклы Алматыда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Түркия десе, бірден сезімге толы хикаялар еріксіз еске түседі. Босфордың салқын самалы мен түрік кофесінің хош иісі сезілмесе де, дәл осы кеш әр көрерменге Ыстамбұлда жүргендей әсер сыйлады. Күні кеше ТМД-ға аты мәлім «Ne Prosto Orchestra» ұжымы, композитор Тойгар Ышыклымен Алматы төрінде өнер көрсетті.

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Дайындықтың бәрі осы Алматы қаласында өтті. Бізде осы бір екі күн бұрын Тойгар мырза келді. Сонымен осылай тапжылмай 1-2 күн жалғастырып жатырмыз жаттығуларымызды.

 

Айта кетейік, бұл қос тараптың алғашқы бірлескен жобасы емес. 2024 жылы сазгер Тойгар Ышыклы «Ne Prosto Orchestra» ұжымының талантын әлеуметтік желіден байқаған. Симфониялық оркестрдің өнеріне бірден тәнті болып, тіпті дирижер Мадияр мырзаны Түркияға арнайы шақырған-ды.

Тойгар Ышыклы, композитор (Түркия):

Ne Prosto Orchestra ұжымының дирижері Мадияр мырзаның концерттен үзіндісін көрген кезде мен таң қалдым. Ол «Қара Севда» сериалының саундтрегі болатын

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Ол кісі біздің инстаграмда видеоларымызды көрді. Біздің концерттегі үзіндіні. Сосын жазып жіберді бізге, «бірге сахнада болайық!» - деп. Сосын біз ол кісіге қуана-қуана жаздық.

 

Композитор Тойгар Ышыклының телехикаяларға жазған саундтректерін әлемнің түкпір-түкпірі біледі десек артық етпес. Оның шығармаларының YouTube хостингінде 170 миллионнан астам қаралым жинауы, соның айқын дәлелі. Әсіресе, «Кара Севда»-ның әуендері Америка жұртшылығының да ықыласына ие болып үлгерген.

Тойгар Ышыклы, композитор (Түркия):

Қазір Америкада, Еуропада, Орталық Азияда, Қиыр Шығыста барлық жерде «Қара Севданың» музыкасы танымал. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Әлемнің түкпір-түкпірінде тыңдалатындай деңгейге жеткені Мадиярдың және оның ұжымының еңбегі деп білемін, сол үшін алғыс білдіремін.

 

Алматылықтар 10 фильмнің үзіндісін лэд экраннан тамашалап, 50-ге жуық музыкалық туындыны жаңа интерпретацияда тыңдады. Сондай-ақ, алдағы уақытта концерттік турне Түркияның Ыстамбұл, Анкара және Измир қалаларында да жалғасын таппақ.

Назерке Елубаева, «Ne Prosto Orchestra» PR директоры:

Осы жолы бізде көбірек концерт. 3 мемлекетте, 5 қалада. Яғни, Бішкек, Ташкент, Қазақстан. Қазақстандағы Алматы, Астана, Шымкентте қойып жатырмыз. Сондықтан осы жолы көбірек концерт қоюдамыз.


Көрермен пікірі:

Шыны керек осы концертке билетті бір ай бұрын алдық. Соншалықты күттік кәдімгідей. Күшті болды біздің көңілімізден шықты.

Мен өзім осы жалпы турецкий сериалдардың фанатымын! Ең күшті ұнағаны сол Черная любовь өзім сүйіп жақсы көретін сериалым. Кара Севда сол үшін келдік

Төрт-бес айдан бері Ne Prosto Orchestra-ның концертін YouTube-тан күнде көріп, жиі тыңдаймын. Шынымды айтсам, концерттің әр сәтінде қатты толқып отырдым. Ютубтан емес, өз көзіңмен көріп,залда отырып тыңдау мүлде басқа сезім екен.

 

Маэстро Мадияр Тойболды классикалық симфониялық оркестр мен қазақтың киелі домбырасының үнін шебер үйлестіріп, түрік шығармаларына ұлттық реңк берді. Қызығы композициялардың түпнұсқасында домбыраның үні мүлде болмаған.

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Ол кісінің шығармаларының көбісі компьютермен жасалған болғандықтан телехикаяларға. Біз оны жаңадан өзгертіп жасап, оған оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған партитуралар қатты ұнап, ол өте риза болды.

 

100-ге жуық солистен құралған шығармашылық ұжым мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олардың ендігі мақсаты Еуропада концерт өткізіп, қазақтың ұлттық аспаптарын халықаралық деңгейде кеңінен таныту.

Мадияр Тойболды, «Ne Prosto Orchestra» жобасының көркемдік жетекшісі, дирижер:

Хан Симен мырзаны күтеміз. Бұл біз үшін үлкен мақсат. Өте танымал, әйгілі композиторларды осындай біздің мемлекетке алып келіп, олармен бір сахнада өнер көрсеткен.

 

Автор: А. Сауытбек